Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді.
Оның сөзінше, Бүгінде газдан улану жағдайларының негізгі себептері — тұрғын үйлердегі жылыту қазандығының түтін мұржасының бекітілуі және жылыту пештерінің ақаулығынан туындап жатыр.
— Газды үнемдеу мақсатында мұржаны жартылай бекіткеннен және мұржаның сыртқа толық шықпауынан келеңсіздіктер орын алуда. Түркістан облысында биыл жылу беру кезеңінде газдан улану жағдайлары бойынша екі оқиға орын алған болатын. Салдарынан 4 адам зардап шегіп, біреуі қайтыс болды. Үйлерді аралау барысында 42 256 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Оның ішінде автономды жылыту жүйелерінде — 5 615, электр жабдықтарында — 25 426, басқа да бұзушылықтар — 11 215. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді қайта аралап, түзету жұмыстары жүргізілуде,- деді Нұрболат Нұржанұлы.
Сонымен қатар, ҚР Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрлігінің бірлескен жоспарына сәйкес Түркістан облысында биыл 13-17 қараша аралығында қауіпсіз «Жатақхана» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Нәтижесінде 287 қызметкердің қатысуымен 57 жатақхана мен 44 хостелге түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ахметжан Сыздықовтың айтуынша, аталмыш профилактикалық шараларға департамент тарапынан 63 қызметкер қатысып, түсіндірме жұмыстарына атсалысқан.