«Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр стансаларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Президент осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтқанын, енді жаңа шешімдер керек екендігін атап өтті.
Қазақстанда қазіргі таңда өзен ағысынан энергия өндіру басталып та кеткен. Сенімді ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, бүгінде елімізде 40-қа жуық су электр стансасы бар. Елде өндірілетін жалпы энергия көлемінің 10 пайыздан астамы осы су электр стансаларының еншісінде. Елде ең ірі 4 су электр стансасы бар – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен және Қапшағай.
Мол әлеуетке ие Қазақстанның оңтүстік облыстарында шағын су электр стансаларын дамытудың перспективасы зор екендігі белгілі. Сол себепті гидроэнергоресурстардың 65 пайызға жуығы елдің оңтүстік облыстарының тау өзендерінде шоғырланған. Зерттеу қорытындылары бойынша шағын ГЭС-тердің әлеуеттерін шамамен 8 млрд. кВт/сағатқа бағалауға болатыны анықталды. 2007-2010 жылдары республиканың оңтүстік облыстарында орналасқан және жалпы қуаты 20,7 МВт бірқатар шағын ГЭС-тері іске қосылды.
Су электр стансасы (ГЭС) – бұл энергия көзі ретінде су ағындарындағы су массаларының, толқындардың энергиясын пайдаланып, электр энергиясын өндіруге арналған станса. Шағын ГЭС-тің басты артықшылығы – электр энергиясының өзіндік құнының арзан болуы. Жалпы, біздің өңірде 2014-2020 жылдары іске асырылған 5 шағын су электр стансасы жұмыс істеуде. Атап айтқанда, олар Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарында.
Бүгінде Қазығұрт ауданында ГЭС-тің және бірі пайда болды. 2022 жылы желтоқсан айында Қақпақ ауылдық округінде жарық қуатын өндіретін жаңа гидростанса өз жұмысын бастады. «Ынтымақ АШӨК» ӨК-нің шағын ГЭС-інің қуаттылығы – сағатына 1,4 МВт. Жоба құны – 700 млн.теңге.
Жуырда жаңа ГЭС-ке жолымыз түсті. Бізді «Ынтымақ» ӘКК» ӨК директоры Бақберген Қалибеков қарсы алды. Бақберген Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) түлегі. Еліміздегі ең үздік техникалық университетті мұнайшы мамандығы бойынша тәмамдапты. Алайда өз мамандығынан басқа салаға, гидроэнергетикаға қызығушылық танытқан. Бұл жөнінде оның өзі бізге былай деді: «Елімізде электр энергиясының тапшылығы бар. Сондықтан да жергілікті жобалаушылардың қатысуымен шағын ГЭС құрылысын ойластыруымыз дер кезіндегі дұрыс әрекет деп білемін. Барлығын ой елегінен өткізіп, талдадық. 2020 жылы «Korem» АҚ электр энергиясы нарығының операторы жариялаған конкурсқа қатыстық. Біздің жоба жеңіске жетті. Тендер қорытындысы бойынша 15 жыл мерзімге электр энергиясын өндіруге арналған шартқа қол қойылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген мерзімде орындалды. Барлығы бақыланып, мұқият тексерілді».
Жас та болса кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен істі бастаған Бақберген Шымкент қаласының тумасы. Сондықтан одан неліктен Қазығұрт ауданынан станса ашуының себебін сұрадық.
– Бұл жерде нақты бір аймаққа басымдық берілген жоқ. Бірнеше орындарды қарастырып көрдік. Гидроэнергетика үшін судың көлемі емес, су ағынының жылдамдығы, қысымы маңызды. Судың қажетті қысымына жету үшін шағын және ірі ГЭС-ке бөгеттер салынады. Дәл осы жерде қысым 25 метрді құрайды. Бұл маңызды дәлел. ГЭС жұмысының міндеті – гидроагрегаттың көмегімен су қысымының энергиясын электр энергиясына айналдыру. Міне, осы арада табиғи су ағынының ағысы қатты, ал жазда ол тіптен қуатты. Қазан айынан бастап азаяды. Бірақ бұл шағын ГЭС-тердің жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі үшін жеткілікті. Су гидротурбинаның қалақтарына түседі, ол электр энергиясын өндіретін гидрогенераторды іске қосады.
«Ынтымақ» ӘКК «Cink Hydro Enerdgy» чех компаниясының жабдықтарын сатып алып, орнатты. «Біз гидроэнергетикалық қондырғылар мен аспаптарды жеткізушілермен таныстық. Сапаны, бағаны зерттедік. Ең соңында қоршаған ортаға үнемді және экологиялық таза энергия көзіне кепілдік беретін осы компанияға тоқталдық. Сондай- ақ жоғары тиімділік, талаптарының аздығы, техникалық қызмет көрсету және пайдалану шығындарының төмендігі де қызықтырды.
Жабдықты орнатқаннан кейін «Cink Hydro Enerdgy» компаниясының бір топ маманы келіп, ГЭС-те жұмыс істеу үшін жақын маңдағы ауыл тұрғындары арасынан гидротехниктерді дайындады. Осылайша бұл аймақта бұрын ешкім білмеген мамандықты игердік. Қазір шағын гидростанса штатында 7 адам бар. Гидротехниктер ауысыммен жұмыс істейді. Оның үстіне мұнда тәулік бойы күзет те жолға қойылған, – деді Бақберген.
«Ынтымақ» ӘКК» ӨК барлық өндірілген электр энергиясын «Оңтүстік Жарық» ЖШС-не сатады. Ал ол оны өз желілері арқылы тұтынушыларға электр қуатын жеткізетін KEGOC-қа береді.
«Шағын гидроэнергетика сіз үшін тиімді ме?» деген сауалға Б.Қалибеков: «Дәл қазіргі уақытта иә деп жауап берер едім» деді.
Айта кету керек, шағын ГЭС-ті іске қосу — Қазығұрт ауданындағы ең табысты инвестициялық жобалардың бірі. Жобаға кеткен 700 млн. теңгенің жартысы өз қаражаты. Ал, қалғаны қарызға алынған. «Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Материалдық жағынан тек туыстар ғана емес, достарым да көмектесті. Және біз жетістікке жеткенімізге қуаныштымыз» деді Бақберген.
Іске асырылған инвестициялық энергожоба Қазығұрт ауданының имиджі мен экономикасына үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз. Түркістан облысындағы бидайдың ең жоғары өнімділігімен танымал таза ауыл шаруашылығы аймағы бүгінде электр энергиясын өндірушінің энергетикалық әлеуетін қалыптастыруда.
Түркістан облысы тұрғындарының табиғи ресурстарды белсенді пайдаланып, өңірде шағын және үлкен гидроэнергетика объектілерін ұлғайтуға деген құлшыныстары қуантады.
Б.Дарғожина