Кейінгі жылдары тіршілік нәрінің тапшылығы еліміздің қай түкпірінде болсын өзекті мәселеге айнала бастады. Ғалымдар алдағы уақытта ағын су тапшылығы ғаламдық деңгейдегі проблемаға айналуы мүмкін деп болжайды. Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Сондықтан ішкі су қорын тиімді пайдалануды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы мәселеге айрықша тоқталды. Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың өте маңызды екенін, суды шақтап пайдалану керектігін талап етті. «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемдегі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуы тиіс. Өйткені оның бәрі ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырым суға қол жеткізу» дейді.
Елімізде су тапшылығы, суармалы егістікке судың жетіспеушілігі жылдан-жылға артып келеді. Мемлекет басшысы еліміз үшін судың маңызы мұнай мен газ немесе металдан кем емес екенін айта келіп, су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысу қажет деді. Осыған сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сонымен бірге еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне реформа жасауды және Үкіметке көрші мемлекеттермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты нақтылауды тапсырды. Су тапшылығын болдырмау үшін жерасты су қорын пайдалануға да болатындығын еске салды.
Төлеби ауданы тау баурайына жағалай орналасқан. Одан Ақсу, Балдыберек, Сайрамсу, Бадам, тағы басқа ірілі-ұсақты өзендер мен бұлақтар ағып өтеді. Ауыл шаруашылығы саласы осы су көздерін пайдаланады. Соңғы жылдардағы жауын-шашынның аз түсуіне және климаттың өзгеруіне байланысты өзен, бұлақтардың суы тартылып барады, суармалы егістік алқаптарға су жеткізу проблемаға айналды.
Қаратөбе ауылдық округіне қарасты бұрынғы «Совет» ұжымшарында 3000 гектар егістік алқабы болса, оның 750 гектары суармалы егістік болатын. Онда бидай, жүгері, картоп, көкөніс, бау-бақша егіліп, одан қыруар өнім алатын. Міне, ұжымшар-кеңшар таратылып, егістік алқаптары жекешенің қолына өткен соң суармалы егістікпен айналысуды мүлдем қойды. Бұрын ағын су ұжымшардың егістік алқаптарына да, жекенің үйіргелік жеріне де жетіп жататын. Ал қазір ше? Жеке шаруа суармалы егістікпен айналысайын десе оған су жеткізе алмай, әуре-сарсаңға түседі. Өйткені оған су жеткізетін арықтар, каналдар, құрылғылар әбден тозған. Су көздерін реттеп тұратын су мамандары жоқ. Арықтар бетондалмаған соң су жол-жөнекей жерге сіңіп, ысырап болып жатады.
Мәселен, Қаратөбе елді мекенінің тұрғындары үйіргелік жеріне «Қызыл Октябрь» бас арығы суын пайдаланады. Арықтың ұзындығы 17 шақырым. Алайда арық бетондалмағандықтан, ағын су ауылдың аяғына жеткенше 40-50 пайызын жоғалтады. Сондықтан жұрт ағын судан тапшылық көреді. Ағын су ысырап болмас үшін бас арықты бетондау қажеттігі туындап отыр.
Осыдан біраз жыл бұрын Кіші Балдыберек өзенінің жоғары жағынан көктемгі қарғын суды жинайтын су қоймасы салынады деген сөз шығып еді. Дегенмен бұл тек сөз жүзінде қалды. Алдағы уақытта бұл су қоймасы қолға алынса, жүздеген гектар егістік алқап суға кенелер еді. Сол сияқты ауданның басқа өңірлерінен де қарғын суды жинайтын жерлерді зерттеп, су қоймаларын салып, су тапшылығынан құтылуға болады. Сонымен бірге болашақта тамшылатып, жаңбырлатып суарылатын алқаптардың көлемін арттыруға көңіл бөлген жөн. Әрі су үнемдеу технологияларын батыл енгізуді қолға алу керек.
Ауданда бұл салада біраз жұмыстар атқарылуда. Кемеқалған ауылдық округі аумағындағы Қарақуыс қойнауында қарғын суды жинайтын су қоймасы салынуда. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Сонда 350 гектар жер суландырылады деп болжануда.
Су – ырыстың көзі. Ауыл шаруашылығын ағын сумен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының табысын арттырудың негізі.
К.ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Төлеби ауданы.