Күмбезі көкке тірелген киелі Түркістан, ертеректе Ұлы Жібек жолының жан-жақты дамыған шаhары болып келсе, соңғы кезде танымастай түрленіп, бүкіл Түркі елінің мәдени қара шаңырағы атанып отыр. Осы мәдени өркендеуіне тұспа-тұс бой көтерген балалар қолөнер мектебінің аз ғана уақыттың ішінде қосқан өзіндік үлестері де бар. Атадан мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа ұлттың қолөнерін үйретіп, жандандыруға еңбек етіп жатқан ұжымды аз уақыт болса да әділ басқарып, талабы мен тіршілігіне жауаппен қарап отырған мектеп директоры Балжан Нәсирдинқызы Жамаловамен сұхбат жүргізген едік.
– Балжан Нәсирдинқызы, өзіңіз басқаратын қолөнер мектебі туралы айтып өтсеңіз?
– 2013 жылы желтоқсан айында, мектебіміз алғаш «Қолөнер орталығы» болып ашылса, 2014 қыркүйектен бастап «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» болып жұмысын бастады және алғашқы оқушыларын қабылдады. Мектебіміз республика көлеміндегі жалғыз «Балалар қолөнер мектебі». Жас ұрпақты қолөнерге баулу, үйрету және оны жандандыру біздің несібемізге түскен екен, сондықтан мектебімізді мақтан етеміз. 2014-2021 оқу жылдары аралығында 1500-ден астам оқушы білім алып, соның ішінде 134 оқушы мектеп бітірді. Бітірген 3 түлегіміз Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де, 2 түлегіміз көпсалалы өнер колледжінде және 3 түлек Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет колледжінде білім алуда.
– Қолөнер мектебі болғандықтан оқушыларыңыздың қарым-қабілеті қалай бағаланады?
– Әркімнің қуанышы өзіне дегендей, біз бірінші кезеңде оқушыларымыздың жетістіктері мен жеңістерін ақпарат құралдарында жарияласақ дейміз. Себебі, қуаныш солардікі, солардың жеңісі, қуанышты хабарды ата-анасы, оқитын негізгі мектебі, әрине ел-жұрт білсін деп, баспа беттеріне береміз. Оқушыларымыз жасаған шығармашылық жұмысы арқылы танымал болсын, қуансын және келешегіне серпін берсін деп уақыт өткізбей жариялаймыз. Біз бұл әрекетімізден ұтылған жоқпыз. Себебі, оқушыларымыз жыл артқан сайын, қолөнердің шекарасын кеңейтіп, жоғарыдан көрініп келеді.
Екіншіден, ұстаздарымыздың басым құрамы жастар. Десе де еңбектерімен алыс-жақын шет елдердің додаларына қатысып, атақ-абыроймен оралған шебер-ұстаздар. Сонда да қысқаша мәлімет берейін. Мектепте 16 үйірме жетекшілерінің жартысы түрлі жоғарғы атақтың мүшелері. Яғни, 1 Халықаралық ЮНЕСКО қорының, 1 «ҚР Құрметті азаматы», 1 ҚР Суретшілер Одағының, 5 ҚР Қолөнершілер Одағының, 1 ҚР Дизайнерлер Одағының мүшелері бар.
– Түркістан туристік қалаға айналып келе жатқандықтан ерекше кәдесыйлар жасаудағы жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?
– Жетістіктерімізді атап айтар болсам, 2015 жылдың Шымкент қаласында өткен «Оңтүстік көркі – Красота юга» атты қолөнершілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің облыстық көрмесінде мектеп ұжымы «Ең үздік кәдесый бұйымы» номинациясы бойынша І орынды иемденді. Бұл мектептің облыстық деңгейдегі алғашқы байқауы еді. 2015 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған дәстүрлі республикалық «Шебер – 2015» байқауына ұстаз – шеберлеріміз Қ.Тасов, Н.Аманқұл және Д.Миншариповтер қатысып, байқаудың бас жүлдесін, ағаш өңдеу шебері Д.Миншарипов пен тері және былғары өңдеу шебері Н.Аманқұл І орынды жеңіп алып, арнайы сертификаттармен марапатталды. Аталған байқауда ұстаз-шеберлерімізге «ҚР Қолөнершілер Одағының мүшелері» атағы берілді және тәжірибе алмасу мақсатында Малайзия еліне жолдаманы жеңіп алды. 2016 жылы Абу Даби қаласындағы «Өнер фестиваліне» зергерлік өнердің шебері, ЮНЕСКО қорының және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мектебіміздің ұстаз-шебері Қалмырза Тасов қатысып, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнеріміздің, яғни алтыннан сырға, күмістен алқа, жүзік, білезіктерді ұлттық нақышта жасап, екі ай сырт елде жүріп, сәндік бұйымдардың рухани құдіреттерін таныстырды.
Сондай-ақ, 2021 жылы желтоқсанда, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ұстаз-шеберіміз ЮНЕСКО қорының, ҚР Суретшілер Одағының, ҚР Қолөнершілер Одағының мүшесі Бейсенова Жұпар, Президент Қ.Тоқаевтың қолынан «ҚР Құрметті азаматы» атағымен және төсбелгісімен марапатталды.
– Ұстаздар қауымының басым бөлігі жастар дедіңіз. Толағай табыстарға жетудің ерекшелігі жұмыс процесінің талабында ма, әлде ұстаздардың шығармашылық талаптарында ма?
– Мектебіміз мемлекеттік білім ордасы болғандықтан, оқу-тәрбие процесін басты мақсатта атқарамыз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қосымша білім беру мекемелеріне арналған арнайы бағдарламалар бар. Оқу жүйесі осы бағдарламаға сүйене отырып жүргізіледі. Ол білім берудің жүйелілігі және қарапайымнан күрделіге қарай сияқты білім беру қағидаларын негізге алады. Білім алушы сыныптан тыс кезде 4 жыл оқып, таңдаған үйірмесі немесе кәсібі бойынша дипломдық жұмысын қорғап, қолөнер мектебін бітірді деген куәлік алады. Осы аралықта үйірме жетекшілері бастауыш сыныптың әліппесін үйреткендей қолөнердің қыры мен сырын толық үйретіп, меңгертеді. Осы өнер мен білімді қатар үйретіп жүрген ұстаздарымыздың басым бөлігі жастар. Ата-бабамыздың «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөзі міне, осы өнер адамдарына айтылса керек. Мектебімізде қазіргі таңда «Сурет», «Кескіндеме», «Ағашты көркемдеп өңдеу», «Тері және былғарыны көркемдеп өңдеу», «Зергерлік», «Керамика және мүсін», «Тоқыма және гобелен», «Тігін және дизайн» және «Дайындық сыныбы» үйірмелері жұмыс жасауда. Үйірме жетекшілерінің бәрі де өз мамандығы мен кәсібін сүйіспеншілік мақсатпен таңдаған мамандар. Сөзіміз дәлел болсын, барлығы үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл ұстаздар. Жоғарыда айтылған жетістіктер соның дәлелі.
2016 жылы, мектебіміз Ұлттық ЮНЕСКО клубы Федерациясының мүшелігіне қабылдануы, еліміздің бейнелеу және қолөнер әлемінде жеткен жетістіктері мен еңбектері жемісінің нәтижесі.
– Аталған үйірмелер мен жетекшілері және шеберлер туралы таратып айтып берсеңіз. Оқушылардың шеберліктері қалай шыңдалады?
– Иә, 2014-2021 оқу жылдары аралығында мектебіміз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы бетте заманауи зәулім, жарық, арнайы жабдықталған 9 үйірме сыныбы, шеберлер шеберханасы, 2 көрме галереясы бар ғимаратта болды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап басқа мекен-жайға көшірілді. Жоғарыда айтылғандай, заманауи зәулім, жабдықталған сыныптар, көрме галереясы жоқ. Десе де одан біздің жұмысымыз тоқтаған жоқ. Біз үнемі шығармашылық ізденісте және облыс, қала көлеміндегі байқау-көрмелерге қатысып, қала әкімшілігі ұйыдастырған іс-шараларға жан-жақты қатысып келеміз. Әр іс-шараларға үнемі үлкен ізденіспен, жаңа шығармашылық жұмыстарымен ұстаздар да, оқушылар да қатысып, ел назарында болады.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әрбір оқушыға жеке-жеке өнер үйретіп, қызықтыра білу, қабілетін дамыту және оны шеберлікпен ұштастыру әрбір ұстаздың міндеті. Біздің жағдайда бала толық білім алу үшін табиғат көрінісі, саябақ аллеялары, музей жәдігерлері, Қ.А.Ясауи кесенесі т.б. қажетті орындармен таныстыру мақсатында жазғы пленэрлік сабақтар жүргізіліп отырады. Сол сияқты саяхат сабақтары ұйымдастырылады. Шеберлер шеберханалары оқушылардың сабақта өтілген жұмыстарын шеберхана шеберлерімен өткізген сарамандық жұмыс арқылы жоғары деңгейлік бағытта шыңдалады. Дегенмен, жабдықталған сыныптар мен шеберханаларда білім алған тиімді болар еді. Оқушылардың шыңдалатын бірден-бір тағы бір мектебі ол – көрмелер мен байқаулар.