ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге Түркістан облысының бизнес қауымдастығымен кездесті. Ашық диалог алаңында отандық өнім өндіру мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде инвесторлар жобаларын таныстырып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулармен таныстырды. Өзекті мәселелерінің қолдау тапқанына алғыстарын айтты.
Өңірге инвестиция тарту мақсатында ірі жобалар іске асырылуда. ҚР Премьер-министрінің орынбасарына Түркістан облысына қарасты Келес ауданындағы ірі жылыжайдың жобасы жайлы баяндалды. Жоба аясында 42 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция салынып, күнбағыс өндірісін дамытуға атсалыспақ. Жоба аясында 51 гектардан астам жылыжай салынады. Аталмыш жылыжай құрылысының алғашқы кезеңінде 1 мыңға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысында еліміздегі ең ірі мұнай зауыты салынып жатыр. Келер жылы іске қосылатын «Standart Рetroleum & Со» компаниясы қуаты 2 млн. тонна болатын мұнай өңдеу жобасын жүргізуде.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өңірдің бұл бағыттағы даму қарқынын жоғары бағалады. Жаңа жобалардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдаудың қаралғанын атап өтті.
Түркістан облысында құны 722 млрд. теңге болатын «Өгем өзенінде су электр станцияларының каскады» салынуда. Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындар түбегейлі ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Облыста 136,6 млрд. теңгенің химиялық кешен салынуда. Бұл кәсіпорында каустикалық сода, кальций карбиді, цемент шығарылады. Жаңа зауытта 1 мың жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ көмір-химия комбинаты іске қосылғаны айтылды.
Кездесу барысында мақта өңдеу және ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асатын бірқатар жобалар жайлы айтылды. Тоқыма кластерін дамытуға барынша күш салынғаны жайлы мәлімделді. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін өңірдің индустриялық аймақтар және «Тurkistan» арнайы экономикалық аймағы сияқты инвестициялық алаңдары бар, олар өз қатысушыларына түрлі салықтық жеңілдіктер мен преференциялар береді.
– Біздің мақсат – жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту. Отандық өнімді молайту, кіріс көлемін арттыру. Бюджетке ғана сенім артпай, жаңа жобаларды жүзеге асырған жөн. Бұл ретте инвестицияның маңызы зор. Сондықтан біз инвесторларға әрқашан ашықпыз және бірлесе жұмыс істеуге, қолдауға дайынбыз. Түркістан облысының республиканың басқа өңірлерімен ерекшелігі – күннің ыстық және жылы күндерінің ұзақ болуында, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы инвесторларға инфрақұрылым мәселелері бойынша барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл жобалар облыстың бюджет түсімдерін арттыруға септігін тигізеді деп күтіліп отыр.