Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты бағытты саяси реформаларға бұрып, мемлекеттік басқару жүй-есін реттеуді қолға алғаны өте құптарлық қадам болды. Өйткені басшылықты реттеп алмай, тіршілікті түзеу қиын. Елімізде адал әрі әділ мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар болуы тиіс. Жаңа Қазақстанды сондай азаматтар аяғына тұрғызады. Саяси жаңғыру болмай, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда даму да, өсу де мүмкін емес. Сол себепті сайлау жүйесіне біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ мәжіліс және мәслихат сайлауы тәртібі өзгеріп, мажоритарлы жүйемен өткізілді. Яки, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлы жүйемен сайланды. Төменгі палатадағы 49 депутаттың ішінде 6 саяси партияның өкілдері де бар. Ал, облыстық мәслихаттарда 50 пайызы пропорционалды, 50 пайызы можариталы жүйемен сайланғандар болса, аудандық мәслихаттарда 100 пайыз өзін-өзі ұсынған депутаттар. Президент партиялардың институционалдық және ұйымдастырушылық қабілетін арттырып, бәсекелестікке бейімделуіне көңіл бөліп отыр. Жалпы жаңа үлгі Парламенттің төменгі палатасына жаңаша көзқарасты азаматтардың келуіне мүмкіндік берді. Бірмандатты округ бойынша өзін-өзі ұсынып сайланған депутаттың бірімін. Императивті мандатқа көшу арқылы депутаттардың өзара сайлаушылармен байланысын нығайту көзделген. Аманат арқалаған сайын жауапкершілік күшейеді екен. Абай хакім айтқандай «Құдайдан қорқып, пендеден ұялып» жұмыс істейсің.
Сол сияқты ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы да жаңашылдық. Президент бастамаларының барлығы да адалдық пен әділдікке негізделген, билік пен халыққа игілікті екені даусыз. Саяси трансформация – адалдықтың сақталып, әділдіктің орнауын қалыптастыратын ойын ережесі. Бұл сан салада көз қысты, бармақ бастылық пен монополияны түп-тамырымен жоюға жол ашады. Жаңа Қазақстанды құру үшін бетке алған бағыттан танбай, жаңа белестерді сөзбен емес нақты іспен бағындыру керек.
Ауыл әкімдерін сайлау тәуелсіздік тарихындағы айтулы белестің бірі болды. Енді, міне аудан әкімдері де сайланбақшы. Әкім сайлау – қазаққа бейтаныс рәсім емес. Бабаларымыз болыс, би, қазыларды да, ханды да сайлаған. Ұлы далада қалыптасқан сайлауы да, заңы да, басқару жүйесі де болған. Сол үдеріс жаңғырып жатса, неге құптамасқа. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдер сайлауын қолға алуы саяси реформаларға тың серпін берді. Былтырдан бері мыңнан аса елді мекенде сайлау өтіп, 603 ауылдық округ әкімі сайланды. Олардың 215-і өзін-өзі ұсынса, қалғаны қайта сайланған бұрынғы әкімдер. Биыл пилоттық жоба ретінде алғаш енгізіліп отырған сайлау 3 қала мен 42 ауданда өтеді. Олардың барлығы көпшілік сеніміне ие болғандықтан әкім болып сайланды.
Үміткерлерге талапты күшейту керек. Қазір «бөліп ал да, билей берге салынып», «болыс болдым, мінеки» деп әкімдікке мансап үшін таласатын кезең емес. Керісінше ел үшін еңбегін аямайтын заман. Әкім сайлауы кандидаттар арасында бәсекелестік тудырады. Жергілікті жұртшылықтың атқарушы билікті өзі таңдап, өзі сайлауы демократиялық жариялылықтың арқасында. Атқарушы билікті сайлау әлемдік тәжірибеде бар. Америкада да штат губернаторлары мен қала мэрлерін сайлайды. Есесіне ел де тыныш, жоғарғы билік те тыныш. Әр округ өзі аттай қалап сайлаған адамына сенім артады, сенімін ақтамаса мерзімінен бұрын алып тастай салады. Яки, жұмыс істемейтін әкім халыққа, халық та өзі таңдап сайлаған әкіміне ренжімейді.
Алдағы аудан әкімдерінің сайлауы сәтті өтетініне күмән жоқ. Тек халық сөздің емес істің адамын таңдаса игі. Қазір мұндай таңдау туындап тұрған шақ. Сайлауға 25 жастан асқан мемлекеттік қызметте еңбек өтілі бар азаматтар өзін-өзі де және кез-келген партияның ұсынысымен де түссе, халық өзінің қалаулысын сайлай алады. Әкім – ортақ тұлға. Сондықтан әкімдер ұлтқа, руға бөлуден бойын аулақ ұстап, тек халық деген ұғыммен жұмыс істеп, сенімді ақтау басты міндет. Тек сонда сайлаушылардың сайлауға және атқарушы билікке деген сенімі артады.
Түкпірде бір әкім сүрінсе, барлық билікке сын. Президент әкімдердің – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі ретінде жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайтынын айтты. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін сайлауды әділ өткізуді тапсырды.
Әкімдерді сайлау дер кезінде қолға алынған іс. Аудан әкімдерін сайлаудың өзі ауыл әкімдері сайлауының сәтті өткенінің белгісі. Сайлау не үшін керек? Әкім болатын үміткерлер арасында бәсекелестік пайда болады әрі жарысып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Халық та бір сайлауда үдесінен шықпаған әкімді екінші рет сайламайтын болады. Сол үшін әрбір адам «сайламасақ та сайлаулы» деген сенімсіздіктен арылып, сайлауға азаматтық борыш деп қарауы тиіс. Мемлекет басшысы халық пен билік арасында ашық диалог қалыптастырып, бірлікте тірлік кешуге шақырады. Жаңадан жасақталып жатқан реформалар жаңа әрі әділетті Қазақстан құрудағы алғышарттар.
Қытайдың әйгілі ойшылы Конфуций «Өз отбасында тәртіп жоқ адам, мемлекетті тәртіпке келтіре алмайды» деген. Мемлекет ауылдардан, қалалардан, облыстардан құралады. Президент айтқандай әкімдер мемлекеттің жер-жердегі өкілдері болғандықтан халық тарапынан айтылған әрбір сын-ескертпелерді шын қабылдап, елмен алыспай, проблеманы шешумен айналысқаны абзал. Әкімдер – ортақ тұлға. Сондықтан олар ұлтқа, руға бөлу емес, халық деген ортақ ұғымды ұстанып, жұмыс істесе жаңа реформалардың жеңісі сол болады.
Қ. БАЛАБИЕВ,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.