Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов бекітілген кестеге сәйкес, Мичурин ауылдық округіне арнайы барып, халықпен есептік кездесуін өткізді.
Кездесуді еркін, сұрақ-жауап форматында өткізуді ұсынған аудан басшысы халықтың алғысына бөленді. Округ тұрғындары округ аумағындағы атқарылған жұмыстарға ризашылықтарынан басқа айтарлары жоқ екенін жеткізіп, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.
Майтөбе ауылындағы ең өзекті мәселе ішкі көшелерін жөндеу болатын. Көп жылдан бері түйіні шешілмей келген түйіткілді мәселе биыл толық шешімін тапты. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тозығы жеткен 21 көше толығымен жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. (Астана, Исабек, Алтай, Көбегенұлы, Азаттық, Ырыс, Найзатас, Сейфуллин, Келешек, Ақдала, Уалиханов, Бейбітшілік, Қарасу, Тәуелсіздік, Батыр, Ізет, К.Сүйінбайұлы, Жамбыл, Жақаев, Заңғар, Жастықшақ).
Бұдан бөлек биылғы жылы округке қарасты Қожамберді ауылының 23 жылдан бері жөндеу көрмеген Битөре және Бастау көшелері де жөндеуден өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, аудан әкімі ендігі кезекте инфрақұрылымға қатысты мәселелердің дені шешілген округте халықтың әл-ауқатын арттыруға барынша жұмыс атқаруымыз керек деп, округ тұрғындарын пилоттық жоба ретінде жүріп жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеке кәсіп ашып, табыс көзін арттыруға берілген мүмкіндікті пайдалануға шақырды.
Соынмен бірге, аудан әкімі Тастұмсық ауылдық окруігінің тұрғындарымен кездесті.
Есептік жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысып, тастұмсықтардың көкейлерінде жүрген өтініш-ұсыныстарына құлақ асты.
Еркін, сұрақ-жауап форматында өткен кездесу барысында ауыз су, жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру, жер құжаттарын рәсімдеу, спорт кешенінің жұмысын үйлестіру, трансформаторларды ауыстыру, газ құбырының тұғырларын реттеу, әлеуметтік және медицина саласына қатысты мәселелер көтеріліп, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және тиісті мекеме басшылары тарапынан жауап беріліп, назарға алынды.
Бүгінде округ орталығынан 24 гектар жерге инфрақұрылым тарту бойынша жерді мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жер учаскесінің 2 гектары тиісті құжаттарды рәсімдеуге қолбайлау болып тұр.
Нұржан Жақсылықұлы аталған мәселені тездету мақсатында ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, жер иелерімен келіссөз жүргізу керектігін ескертті.
Жауапты бөлім басшысына электр жарығына және су мұнарасын қоршау бойынша тиісті мамандармен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына сай шешу мақсатында мерзім белгіледі.
Кездесуден соң аудан басшысы мәслихат төрағасымен бірге жеке мәселелерімен жүгінген тұрғындарды қабылдап, өтініштерін қарады.
Айта кетейік, өткен тоқсанда тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі Тастұмсық ауылы Көктөбе көшесі және Қарабастау ауылы М.Әуезов көшесіне жарықтандыру жұмыстары толық жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Аудан тұрғындарымен келесі кездесу Рысқұлов ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.
Негізгі бөлігі сұрақ-жауап форматында өткен жиында халықтың ұсыныс-талаптарын тыңдады. Жиынға қатысқан тұрғындардың дені Азаттық ауылынан болғандықтан басты тақырыптардың бірі Азаттық ауылындағы ауыз су мәселесі болды. Азаттық ауылы биылғы жылдың қараша айында ауызсуға толығымен қол жеткізеді. Бұл туралы жауапты бөлім басшысы мен мердігер компания өкілі мәлімдеді.
Шұқырбұлақ ауылының ақсақалдары көтерген көше жарығы, су мұнарасын іске қосу сынды мәлелерде талқыланып, назарға алынды.
Аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы осы және өзге де түйіткілді мәселелерді заң талабына сай қаралып, бюджеттің ауқымына қарай жүзеге асырылатынын жеткізіп, жауапты мамандар мен дербес бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі мен мамандарға ризашылығын білдірген тұрғындар қол соғып, ауыл ақсақалдары батасын берді.
Өңіріміздің басқа аймақтары секілді Ақбиік ауылдық округінде де жер кезегінде тұрғын азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мәселесі өзекті. Аталған мәселені шешу мақсатында келесі жылы округ орталығынан 44 гектар аумаққа қажетті инфрақұрылымды(газ, су, эл.жарығы, жол) тарту жұмыстары бастау алмақ. Нәтижесінде 199 жер телімі жер кезегінде тұрған азаматтарға берілетін болады.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Ақбиік ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеді.
Сонымен қатар, аудан басшысы округ тұрғындарын соңғы жылдары мазалап келген жол мәселесі де келер жылы өз шешімін табатының атап өтті. Яғни, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберіне тозығы жеткен 5 көше жөндеуден өтпек.
Құлан ауылындағы ауыз су тапшылығы да биылдан қалмай оңтайлы шешіледі. Қазіргі таңда қосымша ұңғыма қазуға мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Өтініш-ұсыныстарына қанағатты жауаптарын алған ақбиіктіктер аудан, оның ішінде округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің тұрғындармен кездесуі Түлкібас кентінде жалғасын тапты.
Есептік жиын барысында кент тұрғындары аудан әкіміне көкейінде жүрген медицина, спорт, білім саласымен қатар, ирригациялық жүйені ретке келтіру, жарықтандыру, интернет, тазалық, қоқыс шығаратын қызметке қатысты өтініштерімен жүгініп, қанағаттандырарлықтай жауап алды.
Нұржан Жақсылықұлы көтерілген барлық мәселе тиісті заңды шешімін тапқанша бақылауда тұратындығын жеткізіп, өткен есептік кездесуде көтерілген өзекті мәселенің бірі кент орталығындағы тозығы жеткен екі көп қабатты тұрғын үйдің кәріздік жүйесін жөндеу жұмыстары жақын арада атқарылатынын атап өтті. Қазіргі таңда Заң талаптарына сай мердігерді анықтау жұмыстары жүріп жатқандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген күре жол бойының тазалығы мәселесіне кеңінен тоқталып,
«Әрине біз тазалық жұмыстарын істеуден қашпаймыз. Жалғастырамыз. Дегенмен, ауылымызға күл-қоқысты сырттан ешкім алып келіп, тастап кетпейді. Тастайтын өзіміздің тұрғындарымыз»-деп, жиынды пайдаланып, ауыл ақсақалдары мен тұрғындарына тазалық мәдениетін сақтау бойынша насихат жұмыстарына ат салысуға шақырды.
Кездесуден соң, аудан әкімі кент тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштеріне құлақ асты.
Жабағылы ауылындағы өзекті мәселенің бірі ауыз су мәселесі болатын. Тұрғындарды көп жылдан бері мазалаған бұл мәселе келесі жылы шешімін табады. Яғни, республикалық бюджет есебінен округ орталығының су жүйесі толығымен қайта құрылымдаудан өтіп, 403 абонентке жаңа су құбыры тартылады.
Жағымды жаңалықпен бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Жабағылы ауылдық округі тұрғындарыны алдындағы есептік кездесуде бөлісті.
Сонымен қатар, келер жылы ауданымыздағы шетел туристері ең көп ат басын тірейтін елді мекеннің ауыз су құбырын жаңарту жұмыстары аяқталғаннан соң, асфальт жабындысы түспеген 5 көшеге «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүрмек.
Дәстүрлі жиында ауыл тұрғындары көкейінде жүрген аяқ жол салу, электр жарығының қуаттылығын арттыру, спорт кешенің соғу, көшені жарықтандыру сынды сұрақтарды аудан басшысына жеткізіп, қанағаттандырарлықтай жауаптарын алды.