«Фараб» кітапханасында ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаевамен «Әдемі әйел әлемі» атты кездесу кеші өтті. Кешке кейіпкердің жақындары мен шәкірттері, қызметтес болған азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қонақ болды.
Алдымен жиналған қауымға кейіпкердің өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Жиынның ашылуында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаты, айтыскер Бекарыс Шойбеков, облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы сөз сөйлеп, кеш иесіне құрмет көрсетті.
Кездесу барысында «Би ханшайымы» кітабының тұсауын журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі, журналист Роза Нарымбетова, драматург, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбек, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова кесті. Оқырманға ұсынылған жинақта қазақ би өнерінің дамуына үлес қосқан тәлімгер-ұстаздың өнегелі өмір жолы мен замандастары сыр шерткен ғұмырнамалық эсселер, арнау өлеңдер мен автордың жол жазбалары топтастырылған.
«Әдемі әйел әлемі» шарасы арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар кеш көркін кіргізді. Ұлжан Әбенқызы шара соңында көпшіліктің сұрауы бойынша ән шырқап, өнер көрсетті. Болмысына сай мың бұралған биші қыз бейнесі, кейіпкердің «Фараб» кітапханасында өткен іс-шараларда түскен фотосуреттерінен жинақталған көрме инсталляция көптің қызығушылығын тудырды. Келушілер арнайы жазып қалдырған ізгі тілекке толы гүл келтелерінен гүл шоғы жинақталып, кеш соңында кейіпкерге табысталды.