Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы алдымен өткен басқосуда көтерілген түйіткілдердің шешілуі барысына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
— Жыл басынан бері өздеріңізбен кездесуде маңызды он бір мәселе көтерілген болатын. Сол мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың біріне тоқталсам, Ғ.Мұратбаев, Көгерту, Жуантөбе және Ескіқорған және елді мекендерінде мектеп салу бойынша қазіргі таңда Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2024 жылдың тамыз айы болып белгіленген. Көгерту елді мекені аумағынан 300 орындық мектеп құрылысы үшін қажетті қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған соң, құрылыс жұмыстары басталатын болады. Нысан 2024 жылға өтпелі. Сол қатарда Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу 2024-2025 жылдарға жоспарланған, — деді аудан басшысы.
Ақтөбе ауылдық округ аумағынан өтетін Келес өзенінің арнасын қию жұмыстары «ТҰРАН СУ» МКК тарапынан жүргізілуде. Ақтөбе ауылдық округі, Жуантөбе елді мекені тұсынан 1,8 шақырым, Кеңдала елді мекені тұсынан 500 м, Жаңадәуір елді мекені тұсынан 900 м, Көкбұлақ елді мекені тұсынан 1,3 шақырым жерге қию жұмыстары жүргізілді. Өзен арнасы таспен қорғандалуда.
Ақтөбе ауылдық округінің Қияжол елді мекені Қаңағат көшесіне 1,8 шақырым электр желісі бағаналары және 1 дана трансформатор, Құйған елді мекені Шекара, Балықшылар және Қазына көшелеріне жалпы 3 шақырым электр желісі бағаналары мен 2 дана трансформатор орнату жұмыстары «Vek Strоy Com» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда.