Келес ауданына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Зарлықұлы Айманбетов келіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан мектептердің құрылыс барысымен танысты. Басқарма төрағасын Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қарсы алып, құрылыс барысы бойынша ұсыныстарын білдірді.
Тараптар алдымен Ақтөбе ауылдық округінің Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі 600 орындық мектеп құрылысының басына барды. Қазіргі таңда мектеп ғимараттың іргетас шұңқыры істелуде. Басқарма төрағасы Мәулен Зарлықұлы мердігер мекеменің басшылығына басты назарды сапаға қаратуды тапсырды.
-Мектептер толыққанды етіп тапсырылуы тиіс. Құрылыс та, жабдықтау да сапалы жүргізілуі керек. «Қазақтелеком» АҚ мекемесі арқылы құрылыс нысандарына интернет желісі тартылады. Бұл арқылы біз арнайы платформаны іске қосамыз. Нәтижесінде құрылыстың барысы, сапасы сынды көптеген ақпараттарды тікелей бақылауға мүмкіндік туындайды, — деді Мәулен Зарлықұлы.
Басқарма төрағасы мен аудан әкімі «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында құрылыс жүріп жатқан Абай ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысы нысанында болып, құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес өз мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Келес ауданында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы жүруі жоспарланған. Олардың үшеуінде биыл құрылыс жұмыстары басталса, келесі жылы Жуантөбе және Ескіқорған ауылдарында жаңа мектептің құрылысы бастау алады.