Кентауда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты шара өтті. Шараға қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов қатысып Кентау қаласының барша қарияларын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
— Бізге тағылымды үлгі көрсеткен аға буын небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болып, ел алдындағы қызметімізде де қиыннан жол табуға көмектесіп, ақыл-кеңестерін аяған емес. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қариялар күш-қуаттарыңыз сарқылмасын, ел дамуы жолындағы берекелі бейнеттің зейнетін көріп, ұзақ жасаңыздар!- деді шаһар басшысы.
Салтанатты шараға әр салада жемісті еңбек еткен 40-қа жуық ардагер қатысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, қала әкімінің және қалалық мәслихат төрағасының , «Аманат» партиясы Кентау қалалық филиалының алғыс хатымен және қалалық ардагерлер ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды.