Түркістанда ширек ғасырдан бойы көлік жөндеумен айналысып келе жатқан Айзада ханым тұрады. Көпшіліктің алғысын алуға асығатын Айзада тұтынушыларының ыстық ықыласына бөленген жан. Пейілі дархан, қарапайым еңбек адамы өз жұмысынан ләззәт алып сапалы қызмет көрсетуді өмірдегі айнымас қағидасына айналдырған. Көпшілікке Айка есімімен танымал көлік жөндеушімен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Осы салаға келместен бұрын немен айналыстыңыз?
– Базарда сауда жасадым, тігіншілікпен айналыстым…
– Бір күнде шамамен неше көлікке жөндеу жасап үлгересіз?
– Ол енді, көліктің бұзылып тұрған жеріне байланысты. Мысалы, мына жігіт қаладағы басқа автосервиске барған. Олар көліктің ақауына «дросный заслонка» деп диагноз қойған. Қазір соны тексеріп білетін боламыз. Мұндайда кейде бір ғана емес бірнеше белгісіз жағдайлар болуы мүмкін, сондықтан дұрыстап тексеріп, білу қажет.
– Демек, сіздің жұмысыңыз мотор жөндеушілерден кейінгі екінші маңызды жұмыс қой солай ма?
– Иә, әрине. Мысалға, мотор жақсы жұмыс жасап тұрса, демек компьютерлік қызметі де дұрыс деуге болады… Анау көлік Шымкент қаласынан келіп тұр. Оларға да «дросный заслонкаң жарамайды» деп айтқан, тексеріп қарасам көліктің ол жері емес, компьютерлік қызметі толықтай істен шыққан. Енді соның керек-жарақтарын іздеуге базар аралап кетті. Мен көбіне компьютерлік қызмет жағын дәл анықтаймын. Мысалы, біз статор, динамо деген сияқты нәрселерді істемейміз. Мысалы динамо қуаты қанша беріп тұр соны айтамыз, қуатты дұрыс бере алмай жатса электрикке бар деп бағыт-бағдар беріп отырамыз…
– Клиенттеріңіз тек қана Түркістан қаласынан емес басқа да аймақтардан болып тұр ғой, солай ма?
– Иә, көп қой. Жаңа ғана Қазалы қаласынан келген «Газель» жүк көлігін жөндеп жібердім. Басқа да жерлерден келетіндер бар. Қызылорда облысының өзінен, Жусалы, Шымкент қалаларынан арнайы келетіндер бар.
– Әйел затына бұл салада қызмет көрсету қандайда бір қиындық тудырмайды ма?
– Жоқ, ешқандай қиындық тудырмайды. Керісінше рахаттанамын. Мысалы, ақ халатты дәрігерлеріміз бір науқасты емдеп шығарса, оның алғысын алса өз жұмысынан рахат алып, одан әрі жұмысына қызығушылығы арта түседі ғой. Менде де сол секілді бір көлікті жөндеп бере алсам мен одан ләззат алып, жаным жай табады. Келіп тұрған жүргізуші алғысын айтып, көңілі тоқ болып кетсе болғаны.
Анықтағанымыздай, Айзада ханымның жұмыс істеп жатқан гаражы өзінікі емес екен. Оны бұл жұмысқа тартқан ағасы екен. «Ағамның денсаулығы жарамағандықтан маған берген. Біздің отбасымызда бәрі көлік жөндеумен айналысады. Тағы да бір ағам бар ол кісі де бала – шағасымен бірге жұмыс істейді. Көлік жөндеудің қыр – сырын сол кісіден үйренгенмін» – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Нәзік жанды қыз баласына көлік жөндеуді үйрету қиынға соқпады ма деп ұстазы атанып кеткен ағасымен де сұхбаттасқан болатынбыз.
«Үйрену кезінде ешқандай қиындықтар орын алмады десем де болады. Ер балаға үйреткеннен осы қарындасыма үйреткен оңай болды. Бір жерін жөндей алмай қиналып, жолын таппай жатқан кезде бір рет қана көрсетем соны бір көргеннен қағып алады. Сол жақсы қабілетінің арқасында болса керек. Себебі, екінің бірінің қолынан келетін жұмыс емес қой. Бұған дейін бізде дөңгелек жөндеу орталығы болды сол кезден бастап қызығып, қасымнан қалмай, өзінің қызығушылығының арқасында үйреніп алды ғой» – дейді ол кісі бізбен әңгімесінде.
– Айзада ханым, бір күнде өзіңіз шамамен қанша табыс табасыз? Осы салаға келгеніңізге қарағанда қомақты қаржы табатын сияқтысыз?!
– Алланың бергені ғой. Бұйырғаннан артығы жоқ. Бір күндері екі көлік келеді, бір күндері бес көлік келеді, сол келген көліктерден табысымды тауып, тынбай еңбек етудемін.
– Айзада апай, шынайы сұхбатыңызға рахмет. Табысыңыз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан: Е.СМАҒҰЛ