Ордабасы ауданында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара болып өтті. Мерейлі мереке қарсаңында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов қатысып, ордабасылықтарға құттықтауын жеткізді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді егемен еліміздің ұлық мерекесі -Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашанда бөлек. Бұл күн тәуелсіздік үшін күрескен батыр бабаларымыздың қанымен, асыл азаматтарымыздың асқақ арманымен, ұлы даланы жүрегімен тербеткен аналарымыздың аққан жасымен, Жаратқанның тілеген медетінің арқасында келді. Сондықтан Тәуелсіздікті қашанда мақтан тұтып, қастерлей білуіміз керек. Бұл біздің азаматтық парызымыз әрі адамдық борышымыз.
Құрметті ағайын!
Ата-бабамыздың асыл арманы орындалып, осыдан 31 жыл бұрын тәуелсіздіктің іргесі қаланды. Әлем картасында Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды. Осы жылдар аралығында еліміз әлемге танылды. Яғни, Тәуелсіз Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Тәуелсіздік жылдары еліміз көптеген жетістерге қол жеткізді. Оның барлығын мемлекет басқарған тұлғаларымыз бен бірлігі мен тірлігі жарасқан қазақстандықтардың ерен еңбегінің, ауызбіршілігің арқасы деп білемін.
Осы жылдар аралығында облысымызда, оның ішінде Ордабасы ауданында ауыз толтырып айтатын тірліктер атқарылды.
Атап айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аудан халқының саны 77 мың адамнан сәл-ақ асса, бүгінде 127 мыңнан асып отыр. 1995 жылы жергілікті кіріс көлемі 75 млн.теңгені құраса, бүгінде оның көлемі
3 млрд.теңгеге жуықтады. Сондай-ақ 1991 жылы ауданда бас-аяғы 58 мектеп бар болса, қазір мемлекеттік және жекеменшік мектептерді қосқанда 70 мектеп бар. Оларда 37 мыңнан астам бала білім алуда. Одан бөлек тағы 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 1992 жылы балабақшалардың саны 17 болса, бүгінгі таңда 15 мемлекеттік, 42 жекеменшік, 3 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істеп тұр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында ауданға бар-жоғы 50 млн.теңге инвестиция тартылса, осы жылдың 9 айында оның көлемі 26 млрд.теңгеден асты.
Жалпы, қай саланы алып қарамасақ та жеткен жетістігіміз көп. Десек те ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қазіргіден де жақсарту үшін алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оған аудан тұрғындарымен бірлесіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қол жеткіземіз деп сенемін.
Құрметті аудан тұрғындары!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, төл мерекеміз құтты болсын!
Отбасыларыңыз амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Салтанатты шарада аудан басшысы еңбегімен елдің алғысына бөленген және жуырда өткен Президент сайлауында белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысының Алғыт хатын табыстады.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының өнерімен жалғасты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі