Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, «Бөржар» ауылдық округінің Мәдениет үйінде және жеке кәсіпкердің «Ордабасы-Органик» атты базасында «Топырақтың құнарлылығын, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсарту мақсатында биогумус өнімін өңдеу және оның топыраққа пайдасы туралы» атты облыстық облыстық семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Мырзахметов, тиісті бөлім басшылары мен мамандары, қала, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, тауар өндірушілер қатысты.
Бұл семинар облыс әкімінің тікелей тапсырмасына байланысты облыс бойынша биогумус өнімін өндірудің тиімділігі және оның ауыл шаруашылығы жерлеріне пайдалы екендігін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұлттың саулығы маңызды мәселе екенін айтқан болатын.
Осы тұрғыда адам өміріне қажетті азық-түлікті минералды тыңайтқыштарды пайдаланбай, экологиялық таза өнім өндіруге көшу қажеттігі айтылды.
Биогумус — таза экологиялық қызыл калифорниялық шылаушыннан алынатын, құрамында барлық элементтері бар, баламасы жоқ органикалық тыңайтқыш. Өсімдікке жақсы қорек, ауруларға қалқан әрі мол өнім беруге мүмкіндік жасайтын өнім. Химиялық қоспалары жоқ жүз пайыз органикалық тыңайтқыш.
Биогумус топырақтың құнарлылығын, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсартады. Ол тыңайтқыш қолданылғаннан кейін топырақты бірнеше жыл бойы қатарынан қолдануға болады.
Сонымен қатар өнімде азот, фосфор және калий концентрациясы басқа органикалық заттарға қарағанда біршама жоғары.
Осы орайда, қазіргі уақытта облыстың барлық аудандарында биогумус өндіру жұмыстары басталды.
Атап айтқанда: Ордабасы, Шардара, Қазығұрт, Келес аудандарында – 50-60 жеке тұлға, Жетісайда – 35-40 жеке тұлға, Сарыағашта – 70-80 тұлға, Түркістанда – 40-50, Сайрамда – 10-15, Төлебиде – 30-40, Түлкібаста – 20-30, Бәйдібекте – 10-15, Созақта – 5-10, Отырарда – 30-40, Мақтааралда 10-15 жеке тұлға айналысуда.
Биыл 8,5 тн (10 мың куб) биогумус өндірілген.
Осы жұмыстарды дамыту үшін «Верми» технологиялар саласы бойынша Вермифермерлер кооперативтерін дамыту комитеті құрылған.
Алдағы уақытта тауар өндірушілерді кооперативке біріктіру арқылы биогумусты көбейтіп, оның автоматтандырылған құрылғыларын сатып алып, қаптау (упаковка) жұмыстары жүргізу қолға алынатындығы айтылды.
Биогумус, біріншіден — топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды.. Екіншіден, топырақтың құнарын арттырады;
Үшіншіден, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік болады.
Төртіншіден, әр гектардан алынатын өнімнің көлемі көбейіп, тауар өндірушілердің табыс көзі артады. Семинарда мамандар шаруаларға осы деректерді қозғап, жұмысты жандандыру жолдарын түсіндірді.
Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі