Қоғам өркениетіндегі өмірдің ерекше саласы ғылым екендігі белгілі. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады. Біз осы ретте отандық ғылымды өрістетуге үлес қосып келе жатқан, қаладағы үлкен ғылыми орда Ахмет Ясауи университетінің Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры университеттегі ғылымның даму бағыттары жайында Айнаш Ошибаева ханыммен сұхбаттасқан едік.
– Айнаш Есімбекқызы, университеттің ғылыми жұмыстарының бағыт-бағдары, барысы туралы айтып өтсеңіз…
– Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Оқу орнымыздың өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.
Университетімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, бөгде ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу; зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу; зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, электр энергетикасы, биотехнология, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізеді.
Бауырлас қос мемлекетке ортақ оқу ордамызда күні бүгінге дейін ғылыми дәрежесі әр түрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы сабақ берген екен. Ал, енді Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастарымыз да аз емес. Олардың саны қазір елуге жақындап отыр. Жалпы, университетімізде оқытушы-профессор құрамы 1137 болса, оның ішінде 61 ғылым докторлары, 299 ғылым кандидаты және 126 PhD докторлар жұмыс істейді.
– Университет ғалымдарының халықаралық ғылыми журналдарда ғылыми мақалаларымен көріну деңгейі, жалпы оқу орнының ғылыми басылымдарының жайы қалай?
– Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі импакт-факторы нөлден кем емес, Халықара-лық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау болып табылады. Ғалымдарымыз өзіміздің ғылыми басылымдарда да мақалаларын жариялай алады. Қазақстандық және шетелдік ғылыми зерттеулердің, сондай-ақ талдамалық, ғылыми-көпшілік және өзге де материалдардың нәтижелерін жариялау мақсатында Ахмет Ясауи университетінің бірнеше ғылыми журналдар шығарылады. Олардың алғашқыларына «Ясауи университетінің хабаршысының» жарық көргеніне 25 жылдан асып барады.
Университеміздің ғылыми журналдарын одан әрі жетілдіру және ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) тізіміне енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы КОКСОН тізіміне Педагогика ғылымдары және Филология бағыттары бойынша енгізілді. Қазіргі таңда аталған журналдың философия және тарих салаларын тізімге енгізу бойынша құжаттар министрлікке жіберіліп, сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, Университет Сенаты мәжілісінің қаулысымен «Ясауи университетінің хабаршысы», «Түркология», «Ясауи Хабарлары (математика, физика, информатика сериясы)» журналдарын Түркияның DergiPark базасына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Бұл ретте, аталған журналдарды Халықаралық басылымдар базасына ендіру және оңтайландыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. 2021 жылғы 20 желтоқсанда «Түркология» журналы DergiPark базасына енді. «Ясауи университетінің хабаршысы» және «Ясауи Хабарлары» журналдары да өз кезегінде өтінімдерін беріп, қазіргі таңда DergiPark базасына енді. Соңғы деректерге қарағанда DergiPark пайдаланушыларының орташа тәуліктік саны 100 000-нан асады және DergiPark базасында ғылыми мақала авторларының Халықаралық басылымдардың мол мүмкіндіктеріне ие бола алатыны сөзсіз.
2022 жылғы наурызда оқу ордамызда «Халықаралық және Dergı Park жүйесіндегі жарияланымдар» атты біліктілікті арттыру курсы сәтті өтті. Курсты Түркиядағы Билежик Шейх Эдебали университетінің ғалымы, доктор, доцент Адил Акынжы жүргізіп, курсқа университетіміздің ғалымдары және «Ясауи Хабаршысы», «Түркология», «Ясауи Хабарлары» журналдарының редакторлары мен жауапты қызметкерлері қатысып, 72 сағаттық білікті арттыру сертификатын алды.
Сонымен бірге, «Ясауи университетінің хабаршысы» журналының жарық көргеніне 25 жыл толуына орай, 2021 жылғы 14 желтоқсанда «Ғылыми журналдар жарияланымдарын өзектілендіру: әдіс-тәсілдері мен рәсімдеу талаптары» атты ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
– Гранттық жобаларды ұтып алып, отандық ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген ғалымдар туралы айтып өтсеңіз?
– ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша 2020-2022 және 2021-2023 жылдарға жарияланған 7 конкурсқа жалпы 84 ғылыми жоба ұсынылып, 18 ғылыми жоба қаржыландырылды. Алдағы конкурстарға Факультет пен ҒЗИ-лардың ұсынысы бойынша 25 ғылыми жоба ұсынылып, қазіргі таңда сараптамадан өтуде.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша университетте 17 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 173,5 млн. теңге) жоба бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілді.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша университетте 1 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 43,8 млн. теңге) жоба бойынша ғылыми жұмыстар орындалды.
ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ 2018-2021 жылдарға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру конкурсы бойынша 2 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 187,9 млн. теңге) жоба бойынша жұмыстар жүргізілді.
2021 ж. қаражат 993 841 464 ₸ – университет бюджетінен (7 347,7 млрд ₸) – 13,5% құрайды.
2020 ж. қаражат 642 774 635 – университет бюджетінен (6 632,2 млрд ₸) – 10,7% құрайды.
– Жас ғалымдардың қадамдары, болашақ ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми әлеуетті көтеру тұрғысында әңгіме қозғасақ…
– Жастар – біздің болашағымыз. Ақпараттық технологиялар қарыштаған ХХІ ғасырда жас маманның алған білімін ғылыммен ұштастырылуы да күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан жас ғалымдарды жаңа бағыттарға баулу да назардан тыс қалмаған.
Бұл ретте, 2022 жылғы ақпанда университеміз бен Young Researchers Alliance кеңесімен Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
2021-2022 оқу жылында өткен Студенттердің XХХ ғылыми-теориялық конференция бағдарламасына сәйкес, 32 секцияда 1039 студент баяндама жасады. Конференцияның нәтижелері ғылыми бағыттары бойынша 181 ғылыми жұмысты ҚР БжҒМ Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу конкурсына жіберу жоспарланды. Сондай-ақ ғылыммен айналысуға ынтасы бар және осы конференцияда жүлделі орындарды иеленген жастардың еңбектерін «Жас ғалым» атты ғылыми жинаққа жариялау жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Осы орайда, 3 білімгеріміз 2021 жылғы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының студенттік шәкіртақы иегері атанса, 12 білімгер ҚР БжҒМ Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жеңімпазы болды. Ал, 19 студентіміз Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанды.
Сондай-ақ, университет жас ғалымдарына ғылыммен айналысуға барынша мүмкіндік жасау мақсатында үстіміздегі жылғы наурыз айында университеттің «Постдокторантура бағдарламасының» Ережесі Сенат мәжілісімен бекітіліп, 2022-2023 оқу жылында алғашқы подстдокторантура бағдарламасына қабылдау жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, университеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамыту, жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдарды университетке тарту, кадрлық әлеуетті сақтау және оны жетілдіру, жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыру мен дамыту, университет ғалымдарының педагогикалық қызметін ынталандыру және оңтайландыру мақсатында «Профессор-зерттеуші, қауымдастырылған профессор (доцент) – зерттеуші» ережелері әзірленіп, Сенат мәжілісінің шешімімен қабылданды. Аталған жобаны да 2022-2023 оқу жылында іске қосу жоспарлануда.
– Университет ғалымдарының жетістіктері және қолдау, ынталандыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жалпы, 2018-2021 жылдар аралығындағы «Scopus» базасында индекстелетін журналдарда 460 мақала жарық көрді. Оның ішінде 2021 жылы 146 мақала жарияланды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артты.Университетте импакт факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты 900 000 теңгеге дейін арттырылды. Нәтижесінде 2020 жылы 1,5 млн теңге болған жарияланымдардың ынталандыру қаражат көрсеткіші 2021 жылы 9 млн 700 мың теңгеге артты.
«Университеттің ОПҚ, қызметкерлер мен докторанттардың ғылыми жарияланымдарын ынталандыру бойынша ішкі грант» Ережесіне сәйкес, Медицина факультетінің PhD Ф.Саржановтың «PLoS Neglected Tropical Diseases, T15, V.10, October 2021» журналындағы процентиль көрсеткіші 93, жарияланған мақаласына университет тарапынан 2420 АҚШ доллары көлемінде жарнасы төленді.
Университет ғалымдарының еңбектерін жариялауға қолдау көрсету мақсатында «Тұран» баспаханасының жұмысын жандандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүйеге келтірілді. Атап айтар болсақ, қабылданған шешімге сәйкес, университетіміздің ғалымдары дайындаған оқу құралы, оқулық, монография тағы басқа еңбек-терін университетіміздің есебінен басып шығаруға қолдау көрсетіледі. Мысал ретінде тарих кафедрасының профессор м.а. М.Жолсейтованың «Қазақстанда халық-ағарту ісінің қалыптасуы мен даму тарихы» атты монографиясы «Тұран» баспаханасынан университет есебінен 100 дана шығару үшін шешім қабылданды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеулердің сапасын арттыру және докторанттардың дер кезінде диссертацияларын қорғау үшін университеттің бұрын жұмыс істеп келген бірнеше ережелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша МҒЗЖ, ДҒЗЖ жүргізу туралы» Ережесі жаңартылды. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба тақырыбы және ғылыми жетекшісі туралы Ережесі дайындалып, Сенатпен бекітілді. Диссертациялық кеңес туралы Ережесі талаптарға сәйкестендірілді. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба дайындау туралы Ережесі бекітілді.
2022 жылғы ақпанда «Тұрақты даму» ғылыми-зерттеу орталығының регламенті дайындалып, Өкілетті Кеңеспен бекітілді. Сәуірде БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және Германия, Солтүстік Македония секілді елдердің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілерінің қатысуымен аталған орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. БҰҰ тарапынан 2015 жылы жарияланған Тұрақты даму мақсаттары бойынша университетте атқарылып жатқан үлкен жұмыстар бар, енді ол жұмыстар осы орталық аясында жалғасатын болады.
Университетімізде бірнеше жылдан бері коммерцияландыру офисі жұмыс істейді. Бұл бағытта біршама оң тәжірибелер жалғасын тауып келеді. Осы коммерцияландыру гранты негізінде Экология ҒЗИ қызметкері, техн.ғ.д., профессор Г.Саинова «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомасса және гранула түріндегі ақуызды азықтық вермиқоспаларын өндіру», Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының доцент м.а., PhD Н.Салыбекова «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бағының базасында Оңтүстік Қазақстанның қуаңшылық жағдайында отырғызуға арналған сәндік дақылдардың бейімделгіш және стреске төзімді көгалдандыру материалдарын жеделдете өсіру» тақырыбындағы ғылыми жобаларын ойдағыдай сәтті аяқтады.
Осы офистің шеңберінде ғалымдарымыз әрекет етуші интеллектуальдық меншік бойынша 29 республикалық патент, 121 авторлық құқық берілді. Университет тарапынан 2015-2021 жылдар аралығында шетелдік жоғары оқу орындарымен 146, Қазақстан Республикасы ҒЗИ және басқа да мекемелермен 26 Меморандумға қол қойылып, келісім-шарттар түзілді.
Ерекше атап өтер жәйт, әлемдік жоғары оқу орындарының жыл сайын шығып отыратын рейтингтерінде алға жылжып, бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings рейтингінде бірден 45 позицияға алға жылжып, былтырғы 175-ші орыннан биыл 130-шы орынға көтерілдік. Сонымен қатар, QS World University Rankings by Subject рейтингіне ілініп, елеулі серпіліс жасадық. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде 362-ші орынды, «Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 201-250 аралығындағы позицияны, «Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 301-350 аралығындағы позицияны иелендік. Ал, бірнеше күн алдын ғана нәтижесі жарияланған әлемдегі ең әрі ықпалды әлемдік университет рейтингісі – QS World University Rankings-те алғаш рет ең үздік 1000 университет қатарына еніп, 701-750 аралығындағы позицияны иелендік. Әрине, бұл жетістіктер – жоғары білікті ұжымымыздың жылдар бойы жасаған еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
– Жалпы, ғалымдардың ғылыми зерттеулер мен жобалардың нәтижесі, жетістіктері экономикаға, өңірді дамытуға септігін тигізуі тиіс. Осы ретте қандай ғылыми жобаларды атап айтар едіңіз?
– Университетіміздің Ботаникалық бағы – аймақтағы өсімдіктердің көбе-юіне экологиялық жүктемені азайтуға және жағдайды жақсартуға бағыттал-ған арнайы жоба болып табылады.
Түркістан облысы Қазақстанның экологиялық қолайсыз алты аймағының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді дала жағдайлары өсімдік ағзаларына әсер ететін қолайсыз факторлардың ерекше күрделі жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған орай, экологиялық ауыртпалықты азайту және өсімдіктерді көбейту жағдайын жақсарту мақсатында 1994 жылы университетімізде ауданы 88 гектарды құрайтын ботаникалық бақ құрылды. Бүгінде Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған танымдық ғылыми орталық болып танылды. Бұл пікірді Қазақстан ғана емес, Ресей және Өзбекстан ботаниктері мақалаларында жазып, түрлі мінберлерден айтып та жүр.
Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінгі таңда университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, коммерцияландыру жобасы аясында 26 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалды.
Ботаникалық бақ базасында Ғылым қорының гранты есебінен 282 млн теңгеге ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ірі жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде Түркістан қаласының төңірегінде «жасыл белдеу» құрылатын болады.
–Университет аймақта ғана емес, елімізде медицина кадрларын даярлауда ірі орталыққа айналып келеді. Осы ретте, медицина кадрларын академиялық, ғылыми және клиникалық даярлаудың интеграцияланған моделін дамыту бағытында құрылған Медицина кластері туралы таратып айтсаңыз?
–Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі (ТИКА) «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Клиника-диагностикалық орталығына «Клиника-диагностикалық орталық жабдықтарын қолдау жобасы» аясында материалдық көмек көрсетті.
Түркия Республикасынан келген профессорлар «Анадолыдан атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы аясында университетіміздің медицина факуль-тетінде сабақтар беріп, семинарлар өткізіп, науқастарға оталар жасады.
Өткен жылы Түркияның Ыстамбул қаласындағы Мармара, Истиние, Жеррахпаша университеттік клиникаларында және Анкарадағы Гази университетінің клиникасында Түркістан облысының 100 дәрігері екі апталық біліктілікті арттыру курсынан өтті.
2022 жылғы 11 наурызда университетіміз бен ҚР Президентiнiң Іс Баскармасы Медициналық орталығының Ауруханасы арасында меморандум түзілді. Серіктестік арқылы университет студенттері мен клиникамыздың мамандары аурухананың базасын пайдалануға, білікті дәрігерлердің семинарларына қатысуға, тәжірибе алмасуға және т.б. мүмкіндіктерге ие болады.
– «Yassawi академиялық үстемдік орталығы» туралы оқырмандарымызға таратып айтсаңыз.
– 2022-2023 оқу жылында университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» (бұдан әрі – Орталық) ашу жоспарлануда. Орталық дамудың үш бағытын қамтиды: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Орталық болашақ мамандардың практикалық даярлығының базасы, сондай-ақ жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытудың өзегі болады. Орталықта университеттің клиникалық-диагностикалық орталығы базасында ауруларды диагностикалау мен емдеу жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханалары шоғырландырылатын болады. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етеді және медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Орталық аясында бірнеше ғылыми зертханаларды іске қосу жоспарланған. Атап айтар болсақ:
Big Data in Clinical Medicine зертханасы инженерлік факультет базасында «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының мамандарын тарта отырып жұмыс істейтін болады. Орталық ғылыми-зерттеу және диагностикалық зертханасы микроорганизмдердің молекулярлық генетикасы және генетикалық аурулар саласында ғылыми-зерттеу және диагностикалық жұмыстар жүргізу мақсатында құрылады.
Функционалдық диагностика орталығы Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында функционалдық диагностика бөлімінің мамандарын тарта отырып, жұмыс істейтін болады.
Кардиохирургиялық орталық Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында жүрек-қан тамырлары аурулары бөлімінің мамандарын тарта отырып, жұмыс істейтін болады. Аталған орталық келесі медициналық қызметтерді көрсететін болады: эхокардиография, стресс-экг, ангиография, жүрек тамырын стенттеу т.б. Сондай-ақ, Түркиядан жетекші мамандарды тарта отырып жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталар, оның ішінде балаларға арналған кардиохирургиялық оталар жасалады.
Көз денсаулығы орталығы Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында жұмыс істейтін болады. Орталықтың қызметі офтальмолог мамандарын дайындауға және Түркістан аймағының азамат-тарын емдеуге бағытталады. Мамандар Түркияның жетекші медициналық орталықтары мен университеттерінің шетелдік серіктестерімен бірге офталь-мология саласында заманауи күрделі хирургиялық операцияларды жүргізеді.
Өсімдіктер физиологиясы, фитопатология және агрохимпочввтану саласындағы зерттеулердің ғылыми-білім беру зертханасы үш бағытта жұмыс істейтін болады: Өсімдіктер физиологиясы және биохимиясы, өсімдіктер фитопатологиясы, өсімдік-терді минералды қоректендіру. «Эколо-гиялық қауіпсіздік» зертханасы «Био-логия» кафедрасының мамандарын тарта отырып, «Жаратылыстану» факультетінің базасында жұмыс істейтін болады. Зертхананың зерттеу бағдарламасына өңір аумағының ластану деңгейін бағалау және халық денсаулығы үшін тәуекелдерді белгілеу мақсатында қоршаған орта нысандарына кешенді экологиялық мониторинг жүргізу кіретін болады.
Қорыта келе, университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында 2026 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерге жету үшін қолайлы жағдайлар жаса-луда және жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде, Стратегиялық мақсатқа сәйкес университетті транс-формациялауға, аймақтың дамуына тың серпіліс береді деп сенеміз.
– Әңгіме-сұхбатыңыз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан: Ә.ТӘШІМ.