Түркістанда қарашаның 13-інде сағат 10-да «Отбасыңмен он тал ек!» акциясы басталады. Түркістан қаласында акция аясында «Самал», «Отырар», 1,2 мөлтек аудандарында, Түркістан-Қызылорда автокөлік жолы бойына ағаштар отырғызу жоспарлануда.
«Отбасыңмен он тал ек» экоакциясы отбасылар арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауда ұжымдық жауапкершілік қалыптастыру, тұрғындарды ағаш егуге жұмылдыру арқылы табиғатты қорғауға ынталандыру. Жас ұрпақ арасында салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау мақсатында ұйымдастырылуда», – дейді Түркістан қаласы әжелер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстапаева.
«Осы орайда 2021жылы 13 қарашада «Отбасымен он тал ек» акциясының мақса-ты отбасымен бірлесе ағаш егіп, болашақ ұрпақты қоршаған ортаға үлес қосып, таби-ғатты қорғауға тәрбиелеу. Сонымен қатар қала тұрғындарын, бірлесе жасыл екпелерді егу мен күтіп-баптау мен тазалықты ұстауға ынталандыру. Бұл ағаштардың басым көпшілігі ХҚТУ аумағындағы ботаникалық бақтың тұқымбағында тұқымынан бастап өсірілген көшеттер. Олар айлант, карағаш, гүжүм, жиде, күл ағашы, акация, сәмбі ағаш (ива), терек ағаштары. Сонымен бірге көшеттер Сарыағаш, Төлеби, Шымкент, Түлкібас аудандарынан да әкелінетін болады», – дейді «Жасыл Түркістан» ЖШС бөлім басшысы Көркемжан Есметов.
Түркістан қаласы аумағында құрылыс жұмыстары, абаттандыру жұмыстарымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірнеше жаңа демалыс орындары салынып, бірнешесі қайта жөндеуден өткізілді. Заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, көгалдары қайта төселіп, суғару жүйелері мен балалар алаңдары мен ойын алаңдары жаңартылып, «Түркі бағы», «Рәміздер» алаңы, «Есімхан» алаңы жөндеуден өткен болатын. Сонымен бірге отбасылық көңіл-күй көтеру мен серуендік демалысқа бағытталған «Жібек Жолы» саябағы қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін «Дендробақ», «Тұңғыш Президент» саябағы тағы бірнеше нысандар қолданысқа берілетін болады.
Сонымен бірге жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Денсаулық», «Жастар», Әмір Темір көшесіндегі су мұнарасының қайта құрылысы, Шекті Тілеу көшесіндегі габиондық безендіру мен Түркістан қаласын көркейту, көгалдандыру мақсатында көшелерге ағаш көшеттерін егу жұмыстары басталуда. Майкөтов, Б.Саттарханов даңғылы бойындағы айналма жол торабы, жаңа көшелер мен «Отырар» шағын ауданындағы жаңа көп қабатты үйлер аумағына егу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспар бойынша Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан бұл аймақтарға 120 мың түп аумағымыздың қатаң климатына бейімделген көшеттер егілуде. Егілген көшеттер каналдан гидранттық және су ұңғымаларынан суғару жүйесін жүргізу арқылы суғарылатын болады. Көркейту мақсатында орталық көшелер мен демалыс орындарында (саябақ, сквер, аллеялар) 15 мың декоративтік көп жылдық гүлдер егілді.
«Жасыл Түркістан» ЖШС бөлім басшысы Көркемжан Есметовтің айтуынша, егілген гүлдер көшелердің сәнін келтіріп, ажарын ашуда. Түркістан қаласына бекітілген секторларда аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар тарапынан көгалдандыру жұмыстары жалғасын табуда. Секторлар бойынша қураған ағаштардың орнына жаңа ағаштар егіліп, қосымша 42 мың дана егу мен жасыл екпелердің санын көбейту жүргізілуде. Қалада жасыл желектерді күтіп-баптау мен егу көркейту жұмыстары тоқтаған емес, алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Бәрінен бұрын, «Отбасыңмен он тал ек!» экоакциясы қала тұрғындары тарапынан барынша қолдау тауып, талдарды күтіп-баптау дәстүрге айналса игі.
Е.ЕРТАЙ