Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов бекітілген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің халқымен кездесіп, жыл басынан бері атқарылған және шұбарлықтар тарапынан бір айдан астам уақыт бұрын айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша баяндама жасады.
— Өздеріңізге белгілі, ауданға әкім болып тағайындалған бойда ауыл округтердегі 57 елді мекеннің барлығын түгел аралап шықтым. Ондағы мақсат қай ауылда шешімін таппаған қандай мәселе бар екенін анықтау. Нәтижесінде арнайы карта әзірленді. Оның ішінде Шұбар ауыл округіне қарасты ауылдар да енді. Өздеріңізбен болған алғашқы кездесуде 30-ға тарта ұсыныс айтылды. Атап айтар болсақ, коммуналдық сала бойынша -14, ауылшаруашылық және жер қатынастары бойынша — 10, өзге салалар — 6.
Қазіргі таңда 9-ы орындалды, 10-ы орындалу үстінде. Ал, қалған 11-і 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына енгізіліп отыр.
Жалпы, даму жоспарына сәйкес (2023-2027 ж.ж.) Шұбар ауылдық округін дамытуға 16 млрд.тг. астам қаражат қажет. Елді мекендерді газдандыру, орталық және ішкі жолдарды жарықтандыру, жол салу, әлеуметтік нысандардың (мектеп, ФАП) құрылысы, су тарту сынды жұмыстар қазір қызу жүргізілуде. Оған өздеріңіз куәсіздер. Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай ауылдарында құрылысы түрлі себептермен тоқтап қалған фельдшерлік акушерлік пунктердің құрылысына жан бітіп, оларды жыл соңына қарай пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қысқасы, Шұбар ауылдық округіндегі ауылдардағы түрлі бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көз алдарыңызда. Бұйыртса, даму жоспарына сәйкес барлық негізгі мәселелер шешімін табатын болады, — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан сауалдар қойылды. Олар негізінен көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін үйлестіру және ортақ жайылым жер мәселелері. Әрбір сұрақ жіті бақылауға алынды және тиісті сала мамандарына аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Шараның соңы ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдаумен жалғасты.