Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы бекітілген кестеге сәйкес бүгін Жаңа ауыл ауылдық округінде жергілікті тұрғындармен жүздесті. Мақсат – өткен тоқсанда округ тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, басқа да мәселелердің шешілу жолдарын бірігіп талқылау, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту ісінде қосымша ұсыныс-пікірлерді тыңдау.
Басқосуға аудан басшысының орынбасарларымен қатар бөлім басшылары, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Адилбек Сапарбеков, аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен аудандық мәслихат депутаттары Марат Қалдыбаев, Хадиша Кожбанова, аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков қатысты.
Кездесуді Мұрат Болатұлы өткен тоқсанда Жаңа ауылдық жұртшылық тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы барысымен таныстырудан бастады.
Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Атақоныс, Қарой, Әбдіхалық, Мырзашөл елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жоғары қысымды жеткізуші газ өткізгішінің құрылысына республикалық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен мердігер «Байсын-А» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын нысан құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жеткізуші газ өткізгішіне қосылатын округке қарасты Жаңа ауыл елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Нысанның жалпы сметалық құны 484 285 мың теңгені құрайды. Құрылысына қаржы бөлдіруге облыстық салалық басқармаға ұсынылса, ұзындығы 12,9 шақырымды құрайтын К-21-6 каналы 1200 гектарға су жеткізіп беріп отыр. Канал Жылы су ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарына ағын су жеткізеді. Бүгінгі таңда канал бойындағы Жаңа ауыл Әбдіхалық елді мекеніндегі шаруа қожалықтарынан канал бойына заңсыз орнатылған құбырларды алып тастауға шағымдар түсуде.
Оған қоса, каналға су сорғыларын орнатуға мүмкіндік болмауда. Жаңа ауыл ауылдық округі аумағындағы Әбдіхалық елді мекеніндегі шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне ағын су К-21-06 каналы арқылы жеткізіліп берледі. 2019 жылы каналдың 5,7 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілген. Биылғы жылға каналға шыққан өскінді шөптердің (қамыс, қоға,т.б.) әсерінен су өткізу қабілеті төмендеуінен арнайы Lovol экскаваторымен толық канал механикалық тазалаудан өткізілді. Оған қоса, Н.Бекжігітовтың өтініші бойынша өзінің егісті жеріне ағын су жеткізетін ішкі су жүйесі де механикалық тазалаудан өткізілді. Шаруа қожалықтарына ағын су жеткізу қадағалауға алынған.
Сондай-ақ, Жаңа ауыл елді мекеніне қарасты ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын М.Шаханов көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттамалары жасақталып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Жаңа ауыл елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін қазба жұмыстары толық көлемде аяқталып, пайдалануға берілгеннен соң аудандық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға ұсынылады.
Одан бөлек, Жаңа ауыл ауылдық округі, Мырзашөл елді мекенінен 200 орындық жаңа мектеп құрылысын салу үшін 2020 жылы жобалық сметалық құжат әзірленіп (932785,653 мың теңге), 03.12.2020 жылы №TGKZ-0039/20 оң қорытынды алынған.
Аталған мектеп құрылысын жүргізу үшін 2022 – 2023 жылдарға қаржы қаралып, қазіргі таңда мемлкеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Конкурстан жеңімпаз анықталған соң, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған ағын су, ауыз су, санитарлық тазалық пен тік дренаждар, жарықтандыру секілді кезек күттірмейтін мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға заң аясында жауап берген аудан әкімі алдағы атөарылар бірқатар жұмыстардың барысымен таныстырды. Атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалаған тұрғындар баталарын беріп, сәттілік тіледі.
Кездесу соңында азаматтарға жеке қабылдау өткізіліп, айтылған мәселелер хаттамаға енгізілді. Әрбір мәселе бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, Мұрат Болатұлы елді мекендегі ескі мәдениет үйін аралап көріп, күрделі жөндеуден өткізуге қажетті құжаттарды жинақтап тапсыруды жауапты бөлім басшысына тапсырды.