Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов айтты.
«Қарияларды сауықтыру мақсатында жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды. Демалу мерзімі — 14 күн. Бір жылда ардагерлердің 20 легін қабылдау белгіленген. Бүгінге дейін жалпы 4 090 ардагер демалды. Жыл соңына дейін қалған қариялар демалуға жіберіледі», — деді Нұржан Кеңесбекұлы.
Спикердің сөзінше, азаматтардың жеке санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету және сауықтыру мақсатында жергілікті бюджеттер есебінен 4 594 зейнеткерге 410 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2 241 ардагер өз қалауы бойынша басылымдарға тегін жазылады. Осы ретте 80 жастан асқан 382 жалғызілікті қарияның зейнетақыларына ай сайын 1 АЕК (3 180 теңге) мөлшерінде үстемақы төленеді.
Айта кетейік, «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 10 мыңға жуық ардагерге қолдау көрсетілді. Акция аясында қоғамдық көліктерге тегін жүруге, электр, газ және судың ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берілді.