Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев айтты.
– Жыл сайын елімізде әскерге шақырылатын 17 мың азаматтың 4 мыңы Түркістан облысынан жіберіледі. Осы ретте биыл наурыз айынан бастап 2 мыңнан аса азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеуге жөнелтілді. Атап айтқанда, ҚР Қарулы Күштеріне 850-ден астам, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне 300-дей адам, ҚР Мемлекеттік Күзет қызметіне 10-нан астам адам, ҚР Ұлттық ұланға 900-ге жуық адам, сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлары министрлігінің тапсырысына сай 30-дай адам жіберілді. Қазіргі таңда өңірімізде күзгі әскерге шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 14 мыңға жуық адам зерделеуден өтуі керек. Жоспар бойынша 2000-нан аса азамат әскерге шақырылуы тиіс. Осы ретте 1500-ден астам азамат зерделеуден өтіп, 692 азамат іріктелді. Қазір жеке істері жинақталуда, — деді Жандос Тынымбекұлы.
Спикердің сөзінше, күзгі шақыру жұмыстары басталмас бұрын шілде айынан бастап әскерге шақырылушылармен зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеуден өткен әрбір азамат өзінің денсаулығы, білімі, моральды-психологиялық жағдайына байланысты Қарулы Күштер және басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына баратыны нақтыланды.
Айта кетейік, облыста жергілікті әскери басқару органдары тарапынан жастарды әскерге шақыру бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Яғни, Түркістан облысының қалалары мен аудандарында жергілікті атқарушы органдарымен (әкімдіктер) бірлесіп, осы тақырыпқа арналған билбордтар мен баннерлер ілінді. Одан басқа БАҚ, интернет-ресурстарда әскер өміріне арналған мақалалар, роликтер жариялануда.
Сонымен қатар, ҰОС ардагерлерінің, басқа да мемлекеттердің аумағындағы ұрыс іс-қимылдарының ардагерлерінің, діни конфессиялар өкілдерінің қатысуымен облыстық әкімдікте жастарды әскерге шақыру тақырыбына арналған кеңес өткізілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі