Түркістан облысында елді мекен маңындағы ортақ мал жайылымдарын ұлғайту бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізілуде. Сарыағаш ауданында жер пайдаланушылардың егістік жерлері егіннен босағаннан кейін ауыл тұрғындарының малдарын жаюға келісімдер алынып, бүгінгі күнге 54 589 га жерге меморандум жасалынды. Ендігі кезекте егіннен босаған аумақтарда ауыл тұрғындары кедергісіз мал жаюға мүмкіндік алып отыр.
Биыл аудан бойынша 3219 га жер учаскесі ауылдық округтердің қосымша ортақ жайылымдарына берілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 1000 гектарға жуық жер учаскелерін ортақ пайдаланудағы жайылымға беру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 71 елді мекеннің жер-шаруашылық жоспарларына сәйкес барлығы 28262 гектар жер ортақ жайылымға бекітілген. Елді мекендердегі ортақ жайылым жерлерді ұлғайту бойынша жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауымен тұрақты түрде жалғасатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.