Нұр-Сұлтанда дзюдодан Азия чемпионаты аяқталды. 90 келіде өнер көрсеткен Қазақстан спортшысы, Түркістан өрені Дидар Хамза қола медаль үшін өткен белдесуде БАӘ-нің дзюдошысы Арам Григоряннан басым түсіп, ел құрамасының қоржынына кезекті жүлдені салды.
Дзюдошылар арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жекелей сайысын бір алтын, екі күміс және бес қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде төртінші орынмен аяқтады. Елордада төріндегі сайысқа 17 елден балуандар қатысты.
Қазақстан қоржынындағы алтын медаль 73 келіде сынға түскен Данияр Шамшаевқа тиесілі. Ересектер арасында Азия чемпионатына алғаш қатысқан ол жарыс барысында қарсылас шақ келтірмеді. Финалға дейін төрт кездесу өткізіп, төртеуін бір минутқа жеткізбей, таза жеңіспен аяқтады.
Абиба Абужақынова (48 келі) мен Ислам Бозбаев (100 келі) күміспен күптелсе, Мағжан Шамшадин (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Дидар Хамза (90 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі) және Аруна Жангелдина (78 келі) ел қоржынын қола медальдармен толықтырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі