Бүгін аудан әкімі Бағлан Батыршаев Бадам ауылдық округі, Бадам елді мекенінде орналасқан Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратын аралап көрді.
2020 жылы іргетасы қаланған жаңа білім беру мекемесінің құрылыс жұмыстары биыл жаз айында аяқталды.
Жаңа оқу маусымында оқушыларға есігін айқара ашатын жалпы орта мектептің құрылыс жұмыстарымен, жаңа оқу жылына және қысқа дайындық барысымен танысқан аудан басшысы білім беру мекемелерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме жауаптыларына да алғысын білдірді.
«Жас ұрпақтың сапалы білім алуына барынша шарт-жағдай жасауымыз керек. Жаңа мектеп ғимаратында оқыған ұл-қыздарымыз білім, ғылым бәсекесінде жетістіктерге жетеді деп сенемін. Мектеп ұжымының алдағы оқу жылына сәттілік тілеймін», деді аудан әкімі өз сөзінде.
2020-2022 жылдары 1,6 гектар аумақта бой көтерген 200 орындық жаңа мектеп ғимаратында асхана, спорт және акт залдары, арнайы физика, химия, биология, компьютерлік сыныптары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бүгінгі таңда аталған білім беру мекемесінде 411 оқушы білім алуда.
Естеріңізге салар болсақ, Қажымұқан мектебінің ескі ғимараты 1967 жылы аурухана ретінде салынған. 2003 жылы тек 144 орындық оқу қорпусы ғана тұрғызылған. Ғимарат көне болғандықтан, санитарлық талаптарға сай келмеген.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі