Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде аталып өтті. Атаулы мерекені аудандық тыныштық сақшылары да жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Аудандық полиция бөлімінің ұжымы төл мерекесін қос қуанышпен қарсы алды. Биыл олардың ғимараты толыққанды күрделі жөндеуден өтіп, қосымша құрылыстармен толықты. Аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшылары мен ардагерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері іс-шараның төрінен орын алды.
Мерекелік жиынның ашылу рәсімінде сап түзеген аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің іс-шараға дайын екендігі жөнінде бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Бақытжан Махамбетов аудан әкімі Бағлан Батыршаевқа рапорт берді.
Мұнан соң Қазақстан Республикасының гимні орындалып, полицейлер сап түзеп, еліміздің көк туын салтанатпен алып шықты. Мерекелік жиында әскери қайраткер, генерал-майор Шерімхан Шамбаев пен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сапарұлы сөз алып, еңбегі ерен бірқатар азаматтарға «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Сөз алған аудан әкімі Бағлан Батыршаев:
— Аудандық полиция бөлімінің ғимараты іргетасы қаланғаннан бері күрделі жөндеу көр-меген. Әбден тозығы жеткен нысан заман талаптарына сай емес еді. Биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бөлім ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарына байланысты төл мереке уақытынан кейін өтіп жатыр. Дегенмен, жаңа нысанда барлық жағдай жасалынған, — деді аудан басшысы.
Аудандық мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық та уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Мұнан соң аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлы мен мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық жауапты жұмыста қырағылық танытқан қызметкерлерді аудан әкімінің, мәслихат хатшысының, «Аманат» партиясының алғыс хаттарымен марапаттады.
Өткеніңді еске алмай, болашақ баянды болмас. 1976 жылы осы бөлімнің іргетасын қалап, аудандық милицияны басқарған Жәнібек Рахиевқа арнап бөлім қабырғасына естелік тақтайша орнатылған екен. Ж.Рахиевтің ұрпақтары Уалихан, Серік Рахиевтер, келіні, аудандағы белгілі кәсіпкер ана Айымхан Рахиева ескерткіш тақтаны салтанатты жағдайда ашып, аталарына қатысты естеліктер айтты. Сонымен қатар осы бөлімде қызмет еткен полицейлер жайында «Қасиетті Ордабасының айбынды сақшылары» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Одан соң Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сапарұлы аудандық полиция бөліміне үш автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.
Мерекелік шара барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев сөз алып:
— Атаулы мерекеде ардагерлерді және жеке құрамды Қазақстан полициясының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тыныштығын күзетуші тәртіп сақшыларына және олардың отбасыларына құт – береке, зор денсаулық, амандық тілеймін!, — деді.
Шара соңында арнайы келген қонақтарға дастарқан жайылып, қызметте жүріп оқыстан қаза тапқан және өмірден өткен әріптестерінің рухтарына арнап Құран бағышталды.
Ғалымжан ЗИЯБЕК, Нүридін ШӘМШІҰЛЫ, Гүлмира ЕЛБАСИЕВА,
өз тілшілеріміз.