Бүгін ауданымызға қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай арнайы келіп, еліміздегі маңызды саяси оқиға – референдум жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Еліміздің болашағы үшін өте маңызды саяси науқанда ауданымызға арнайы ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарымен келген ел ағаларына аудан әкімі Бағлан Батыршаев арнайы алғыс айтып, Күш атасы — Қажымұқан атамыз туралы үш тілде жарық көрген кітапты сыйға тартты. Әрі іс-сапарларына сәттілік тіледі.
Көшпелі кездесу “AMANAT” партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әлиасқар Бердімұраттың жүргізуімен Ұялыжар ауылында ашық аспан астында тұрғындармен еркін форматта пікірлесуден басталды.
Республикалық штаб өкілдері билік пен қоғамдағы өзгерістерге және орын алған саяси олқылықтарға тоқталды.
Қуаныш Айтаханұлы бір тұлғаның шексіз билігі мен ел байлығы жеке топтардың қолына өтіп кеткені жайында айтып өтті.
Қызу пікір-таласта Бөржар ауыл округінің тұрғындары Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Қамзабекұлына өткір сұрақтар беріп, тұшымды жауап алды.
Сондай-ақ, республикалық штаб мүшелері барша ауыл тұрғындарын 5 маусым күні өтетін референдумға бір кісідей ат салысуға шақырды.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты Берген ауылы мен Бөген, Жеңіс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жалпыұлттық референдум бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында Дархан Қамзабаекұлы қолданыстағы Заң мен ұсынылыған реформалар тізбегін саралап, ара жігін ажыратып, тұрғындарға түсінікті тілде баяндап берді.
Өзгеріске енген жаңа Заң қолданысқа түссе, халықтың басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, билік пен халық арасында байланыс нығая түсетіндігіне тоқталды.
Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олар конституциядағы жаңа өзгерістерге көзқарасы оң екенін білдірді.
Мәжіліс депутаты жұртшылық көтерген мәселелерді жеке қарауына алып, тиісті министірлікке жеткізетінін айтты.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі