Халықаралық мейірбикелер күніне орай Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті. Жиында 70-ке жуық ақ желеңді абзал жан ҚР Денсаулық сақтау министрінің төс белгісімен, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, «Amanat» партиясының және облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың «Құрмет» грамотасымен және алғыс хатымен марапатталады.
– Бүгін облыс орталығы – қасиетті Түркістан қаласында арнайы іс-шара өткізіп жатырмыз. Екі жыл пандемия кезінде бізде ондай мүмкіншілік болған жоқ. Бүгін арнайы қонақтар мен медицина саласының ардагерлерін арнайы шақырдық. Қазіргі таңда облыс бойынша жиырма мыңға жуық мейірбике халық денсаулығын жақсарту мақсатында жұмыс атқаруда. Науқастардың жағдайын бақылап, ем-дом шараларын жүргізетін мамандардың еңбегі өлшеусіз.
Әсіресе, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін! Төл меркелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын, – деді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.
«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев та мейірбикелерді мерекемен құттықтады. Салтанатты жиында ақ желеңді абзал жандарға ізгі тілектер айтылды. Сонымен қатар үздік қызметкерлерге облыс әкімі атынан шипажайға жолдама, бағалы сыйлықтар берілді. Арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.
Айта кетейік, облысымызда 20 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бар. Оның ішінде ауылдық жерде жұмыс істейтіңдер саны 12 мыңнан асады. Қалалық деңгейде істейтіңдер саны – 6940. Пандемия кезінде 11460 мейірбике жұмысқа тартылған. 2021 жылы 1560 мейірбике білімін жетілдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі