Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың 120 жылдығына арналған «Терме – маржан жыры бабамның» атты республикалық
термешілер байқауы өтті.
Халықтың тіл мәдениетін дамыту және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттау мақсатында өткен жас термешілер байқауының ашылу салтанаты Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев терме өнерінің тарихы тереңде екеніне, ұрпақ тәрбиесі мен руханият саласындағы маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, оңтүстік өңірінің дәстүрлі ән мектебін республика көлемінде дәріптеу мақсатында өткізілген өнер сайысына беделді өнер қайраткерлері шақырылды. Атап айтсақ, «Майлықожатанушы», қазақ өнерінің қайраткері, ақын, сазгер,
термеші Жәкен Омаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанова, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Оңтүстіктің 100 термесі», «Сырлы сырнай» кітаптарының авторы Жақып Сыпатаев, Батырбек Өтепов атындағы өнер мектебінің директор орынбасары, ақын Бекмұрат Анарбаев, қазығұрттық әнші-термеші Мейрамкүл Танабаева, ҚР мәдениет саласының үздігі, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров сынды өнер майталмандары үздіктерді анықтады.
Байқауға республикамыздың барлық өңірлерінен іріктелген 18-35 жас аралығындағы жас үміткерлер қатысты. Өнер сайысы екі кезеңнен тұрды: І кезеңде қатысушы үміткер оңтүстік мақамынан 2 терме орындады. ІІ кезеңде өз өңірлік мақамдарынан (еркін тақырыпта) 2 терме орындап, шеберліктерін байқатты.
Тағылымы мол өнер сайысын тамашалауға облыстың зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен елімізге танымал термешілер шақырылды.
Қасиетті Қазығұрт төріндегі өнер додасында бас жүлдені маңғыстаулық Темірбек Асқанбаев еншіледі. Бірінші орынды Руслан Ақынбеков ( Түркістан облысы) жеңіп алса, екінші орындарға Ербол Қалмырзаев пен (Шымкент қаласы) Марат Сүгірбай (Қызылорда облысы) ие болды. Ал үшінші орындар Кенесары Бұлғанбаев (Батыс Қазақстан облысы),
Ғабит Шырынбеков (Түркістан облысы) және
Күнсұлу Түрікпенге (Нұр-Сұлтан қаласы) бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі