26 ақпан күні «Хабар» арнасынан ғажайып пен сырға толы музыкалық «Маска» шоуының 2-маусымы көрерменге жол тартады. Телешоу әр сенбі сайын сағат 19:15-те көрсетіледі.
Отандық телевизиядағы ең құпия шоудың жаңа маусымында ерекше образдағы 14 маска бақ сынап, өнер көрсетеді. Масканың астында әнші, биші, әзілкеш, блогер, тележүргізуші, спортшылар жасырынуы мүмкін. Құпияның толыққанды сақталуы үшін барлық жағдай жасалған. Жұлдыздар барлық әндерді жанды дауыста орындайды. Жоба барысында қатысушылардың өмірінен алынған шынайы оқиғалар баяндалады. Ол фактілер қазылар алқасының маска астында кімнің жасырылғанын анықтауға көмектесетін болады.
«Маска» шоуының екінші маусымына қатысушылар ғана емес, қазылар алқасы да белсенді дайындалды. Әділ қазылар алқасының құрамында Марат Оралғазин, Қайрат Әділгерей, Жанар Айжанова, Ерке Есмахан сияқты танымал жұлдыздар бар. Әр шығарылымға арнайы шақырылған қонақтар қатысып, орындаушылардың қойылымдарын бағалауға атсалысады.
— Бірінші маусым біз үшін жаңашылдықтарға толы болды. Көрермендердің шоуға деген қызығушылығы өте жоғары болғандықтан, сыни пікірлердің болғаны рас. Бұл жолы біз көрермендердің айтқанын ескеріп, жаңа маусымға мұқият дайындалдық, — деді танымал әнші Жанар Айжанова.
Шоудың екінші маусымы эмоцияға толы болмақ. Жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипова шоу ерекше тосынсыйларымен көрермендерді таң қалдыратынына сенімін білдірді.
— Екінші маусым өте қызық болады. Маскаларды жасауға 4 арнайы топ жұмылдырылды. Біз барлық қателіктерді ескеріп, апгрейд жасадық. Жаңа маусымда «Хабар» арнасының көрермендерін жаңа маскалар, жаңа жұлдыздар күтуде. Қатысушылар құрамы әр алуан, олар ерекше өнер көрсетуге барын салады.
Естеріңізге сала кетейік, The King of Mask Singer корей жобасының қазақстандық аналогы ретіндегі «Маска» музыкалық телешоуы алғаш рет 2021 жылдың наурыз айында экранға шығып, көрермендердің қызығушылығына ие болды. Музыкалық жобаның бірінші маусымының жеңімпазы болып әнші әрі театр әртісі Ерден Жақсыбеков атанды. Желтоқсан айында «Хабар» телеарнасы шоудың жаңажылдық арнайы шығарылымын ұсынды. Оған кино, спорт және шоу-бизнес жұлдыздары қатысты.