Бүгін Отырар ауданында алаяқтық, лудомания және суицидтің алдын алу мақсатында жиын өтті. Қоғамда өзекті мәселеге айналған індеттің алдын алуға бағытталған жиынды Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында жергілікті полиция бөлімінің бастығы Жұмабек Төлеген мен криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Өмірбек Әбзейітовтер қоғамда жиі кездесетін құқықбұзушылықтар мен олардың алдын алу жолдарына тоқталды. Олар алаяқтықтың кең таралған түрлері, қылмыскерлердің айла-тәсілдері және азаматтардың сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы баяндап, құмар ойындарға тәуелділік, лудоманияның салдары, оның адам өміріне тигізетін зияны жайлы түсіндірді.
Мамандар жасөспірімдер арасындағы психологиялық мәселелерге, әсіресе суицидтің алдын алу шараларына ерекше назар аударды. Баяндамашылардың айтуында ауданда алаяқтық 2024 жылы 18 қылмыстық іс тіркелген болса, оның 3-еуі ғана ашылған. Яғни, қазіргі таңдағы интернет алаяқтығы бойынша жасалған қылмыстар тез ашылмайтын қылмыстар санатына кіретіні баяндалды. Жиын барысында өмірдің құндылығы, қиындықтарды жеңу жолдары, жақындарымен ашық сөйлесудің маңыздылығы түсіндірілді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханұлы қорытындылап, интернет алаяқтықтың салдарынан қаражат мүліктерінен айырылып қалмау, пәтер ұрлығының құрбаны болмас үшін, өз мүлкіне немқұрайлы қарамауды және қауіпсіздік мәселелерін күшейтуді кеңінен насихаттау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.