Қазіргі кезде қоғам мүшелерінің шынайы ақпаратқа деген сұранысы мен талап-тілектерінің артуына байланысты фактчек ресурстарының саны бұдан да көбейгені анық. Еліміз ғана емес, Орталық Азия аумағындағы алғашқы «Factcheck. kz» жобасы 2017 жылы наурыз айында жұмысын бастады. Ол Халықаралық Фактчекинг желісінің (International FactChecking Network (IFCN) ұстанымдарын басшылыққа алады. Басты мақсаты – Қазақстандағы медиа мәдениет деңгейін көтеру, шындыққа сай емес, жалған ақпараттармен, манипуляциямен күресу.
Бұл мақсат екі бағытты қамтиды. Біріншісі – медиа (журналистика және блоггинг), яғни ақпарат өндірісі мен тарату ісі. Екіншісі – ақпаратты тұтыну саласы (ақпаратты саналы түрде және сыни ойлау арқылы қабылдауды үйрету). «Factcheck.kz» ресурсы қоғамдық маңызы зор және резонанс тудырған жаңалықтар мен деректерді, сандарды, сондай-ақ ел алдында жүрген тұлғалардың сөздері мен мәлімдемелеріне жүйелі түрде мониторинг жасап, тексеріп тұрады. Сонымен қатар редакция атынан тексеру әдісі мен нақты дәлелдерді ұсына отырып «жалған», «шындық», «жартылай шындық», «манипуляция», «үкімі жоқ» деген шешімдер шығарады. MediaNet Халықаралық журналистика орталығының басшысы, «Factcheck.kz» негізін қалаушы Адиль Джалиловтың айтуынша, сайтты қолданушылардың саны пандемия кезінде күніне 200 000 адамға дейін күрт артқан. Одан бөлек мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аудитория бар. Қазіргі аудитория саны айына 1,5 – 2 миллион деңгейінде, немесе күніне 3 – 15 мың аралығында, оған қосымша Instagramда 50 мыңға жуық және Telegram-да 15 мыңға жуық жазылушы тіркелген. Сонымен қатар «Factcheck.kz» үкімдерінің тізімі жинақталған тәжірибелерге сүйене отырып 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап жаңартылған: «Сатиралық жаңалықтар» үкімі қосылған, «Техникалық қате» және «Фейк» үкімдеріне толық түсінік берілген, «Жалған» және «Манипуляция» үкімдері өздеріне тән белгілеріне қарай ажыратылған. «Жартылай шындық» үкімі «Шындыққа жақын» деп өзгертіліп, нақтыланған. «Медиа гигиена» деген ұғымды қалыптастырған фактчекерлер әрбір ақпаратқа осылай «диагноз» қою арқылы ақпараттық кеңістігімізді сауықтыруға зор үлес қосып келеді. Одан бөлек осы жоба аясында Гороховский Александр деген украиналық журналистің нақты тәжірибеге негізделген «Фактчекинг – журналистика зерттеуінің тренді: мүмкіндігі мен болашағы. Практикалық оқулық» (Алматы, 2017) атты кітабын қазақ және орыс тілдеріне аударған. Бұл журналистика мамандығын таңдаған білім алушылар үшін зор олжа.
«Factcheck.kz» сайтында зерттеулер «Фейктер», «Мәлімдемелер», «Уәделерді қадағалау», «Мемлекеттік сатып алу», «Украинадағы соғыс», «Технология», «Адам құқықтары», «Жаңалықтар» атты айдарлар аясына топтастырылған. «Мәжіліс Ресей шекарасын қорғауға келісім берді ме?» (10.06.2023) атты сараптамада TikTok әлеуметтік желісінде тараған фейк ақпаратты нақты дәлелдермен теріске шығарған. «Планетамыздағы ең үлкен өрт Абай облысында ма?» (14.06.2023) атты зерттеуде журналист Алмабек Ибрайымов Greenpeace халықаралық үкіметтік емес экологиялық ұйым өкілінің жауабына сүйене отырып, ақпараттың жалған екенін анықтаған. Журналист фактчек жасау барысында ақпаратты жеткізудің заманауи әдіс-тәсілдерін, инфографика, сызбалар мен диаграмма, картаны ұтымды пайдалана білген. Ғ.М. Ақсейіт, А.К. Кабдугалиев ВЕСТНИК Евразийского национального университета имени Л.Н.Гумилева. Серия Журналистика BULLETIN of L.N. Gumilyov Eurasian National University. Journalism Series 51 № 2(143)/2023
Жалпы «Factcheck.kz» сайтының Қазақстандағы «медиагигиенаны сақтау» саласындағы ұтымдылығы мен тиімділігін, дер кезінде ашылған өте қажетті, маңызы зор жоба екендігін баса айтқан жөн. Журналистік зерттеулердің фейк ақпараттармен өте жедел әрі қысқа уақыт аралығында күресіп, дұрыс нәтижеге қол жеткізіп жүргендерінің куәсі болдық. Журналистердің кәсібилігі, отандық және халықаралық деректермен жұмыс істеуде басқа БАҚ-тарға қарағанда көш ілгері екендіктеріне көз жеткіздік. Қалай болғанда да, журналистикада өз орнын айқындап келе жатқан «фактчек» атты жаңа пішіннің қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы маңызы зор.
«Stopfake.kz» сайты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2020 жылдың шілдесінде құрылған. «Fake news», «Конспирология», «Медициналық фейктер», «Фейк аккаунттар», «Сұхбат», «Сайлау» атты айдарлары бар. Елдегі өзекті ақпараттардан гөрі халықаралық деңгейдегі фейк ақпараттарды зерттеумен айналысатындары байқалады. Оны тақырыптарынан-ақ аңғаруға болады. «Дәлелсіз: «Күзде әлемде өлім-жітімі жоғары жасанды вирус пайда болады» (13.06.2023), «Фейк: «Адамзат өркениетінің пайда болғанына небәрі 200 жыл» (14.06.2023), «Фейк: ДЭФ-тің мақсаты – адамзатты жою» (05.06.2023), «Фотофейк: Ватиканда жылан көзінің мүсіні орнатылды» (29.05.2023), «Фейк: «Қытайда мектеп оқушыларының тәртібін бақылау үшін «адалдық шеңберлері» қолданылады» (15.06.2023). «Фейк», «Манипуляция», «Конспирология», «Дәлелсіз», т.б. тұжырымдар жасағанымен, «Factcheck.kz» қарағанда әр ақпаратқа негізделген нақты «үкім» шығармайды.
https://www.gov.kz/ сайтында жарияланған инфографикадағы мәлімет бойынша, «Stopfake.kz» сайты 2020-2021 жылдары 1900 жалған ақпаратты теріске шығарған. Әртүрлі платформалардағы 7 миллион қаралымы бар. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторинг жасайды. Сайт жұмысынан байқағанымыз – сайлау кезінде таралған жалған ақпараттар теріске шығарылып отырған. Сайлау учаскесіндегі төбелестер, артық бюллетеньдерді заңсыз салу оқиғаларының видеолары өзге елдерде түсірілгендігі дәлелденген. «Factcheck.kz» сайтының сараптамаларымен салыстырғанда бір ғана дерек көздеріне сүйенетіндігі байқалады.