Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастар болып табылады. Жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен жетілуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты.
Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады.
Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.
Жаңа Қазақстанда жасалып жатқан өзгерістер елді дамытуға, экономикасын көтеруге және жаңа мүмкіндіктерге үлкен жол ашпақ. Бұл тарихта қалатын үлкен өзгерістер болмақ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» айтып өткен болатын.
Халықаралық Жастар күніне орай, қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың қатысуымен шаһардың белсенді жастарымен кездесу өтті.
Кездесу барысында жастар көкейдегі сауалдарын қойып, түрлі тақырыптар талқыланып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
— Бүгін өздеріңізбен Жастар күні мерекесі аясында кездесіп отырмыз. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Бұл ретте, жаңарған Түркістан – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Таяуда қаламызда Жастар орталығы ашылды. Енді осы Жастар орталығында өрендеріміз өз-өздерін дамытып, білімдерін шыңдаулары қажет. Біз жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз, — деді Мекенхан Қозыханұлы.
Жиында өз ұсынысын айтқан қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлия Піржанова ата-баба мұрасын сақтау, балаға отбасы құндылықтарын ұғындыру мақсатында жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жандандыру керектігін жеткізді.
Статистика бойынша қалада 14-35 жас аралығындағы 71 486 жас болса, оның 66 439-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқиды және тұрақты жұмысы бар.
Биыл шаһардағы талантты жастарды қолдау және уақытын тиімді пайдалану мақсатында шаралар күшейтіліп, 37 кездесу өтті. Олардың бірі — ұлттық өнерімізді ұлықтайтын «Домбыра party» музыкалық додасы. Сондай-ақ, «Абай оқулары», «Буккроссинг» кітап алмасу шарасы ұйымдастырылды. Ерікті жастармен бірге 20 сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қала жастары полиция басқармасымен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары мен түнгі рейдтік тексеріс шараларын жүргізіп келеді.
Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктермен және табысты жобалармен үлес қосатындар – жастар. «Отаны жоқтың – негізі жоқ» деп дана халқымыз бекер айпаған. Отанды сүю, оны көркейту біздің міндетіміз. Ал мемлекеттің тұрақты дамуының негізі жастар болғандықтан, еліміз жастарға ерекше назар аударады. Білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, баспана беру елімізде бірінші орында және осы тұста қолданатын тәсілдер үлкен нәтиже бермек. Жастарға түрлі салада білім беру және сол қызметтермен қамтамасыз ету бойынша көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Мысал ретінде, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу, «Дипломмен ауылға» жобалары және әскери қызметке шақырту. Еліміз жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар біліктілігін мен білімін арттыруға, мамандығын бірнеше рет ауыстыруға және де жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі. Сол себепті жыл сайын жастар арасындағы жұмыссыздық азая түсуде. «Өскелең ұрпақ әрдайым заман сұранысына сай бейімделуі қажет» деген еліміздің басты қағидасы бар.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар арасында жастардың тегін оқуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына арнайы бағдарламалар биыл молынан қарастырылған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.
Жаңа Қазақстан жастары – білімді, байсалды және озат. Біз – елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі болғандықтан, кез келген уақытта еліміз үшін қолымыздан келген істен аянып қалмайтынымыз сөзсіз. Соңғы саяси жаңалықтарды жастардың қолдауы елімізге ауадай қажет.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде. Біз алдыңғы буынның, айтулы тұлғалардың адал жолын лайықты жалғастыруымыз қажет. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Ең әуелі жастар бойында, рухани адамгершілік, құқықтық тәрбие және Отанға деген сүйіспеншілік басым болу қажет деп ойлаймын. Ал ол үшін әр отбасы тәрбие беру мен отансүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Жастар жас шыбық сияқты, оларды қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастарды тәрбиелеу, ойы мен бойын түзеу, зор жауапкершілік жүктейді.
Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға үміт артады. Бұл орайда, «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жасаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артты. Елдің қолдауына қарай біз, жастар да елді нығайтуға атсалысуымыз қажет.