Жуырда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізген. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Жаңа Заң жобасында қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған. Бұл туралы қалалық Түркістан газетіне — yassy-tur.kz А.Әлібектің мақаласына сілтеме жасаған 4tagan.kz хабарлайды.
Осыған орай зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісуде.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Түркістанға ерекше мәртебе беру бойынша заң жобасын әзірледі. Парламент Мәжілісінің қарауына ұсыну үшін қаулыға қол қойылды. Заң жобасын дайындау өткен жылы басталып, түрлі форматта талқылаулар өткізілді. Жұмысшы топтың мүшесі ретінде барлық деңгейдегі талқылауларға қатыстым. Бұл оқиға – тек өңір жұртшылығы немесе ел тұрғындарының ғана емес күллі түркі халықтары үшін жағымды жаңалық болары анық. Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін өте маңызды. Ал ол қалай жүзеге асуы керек? Мән-мағынасы, негізгі идеологиялық және экономикалық бағыттары қандай болады? Бұл әбден екшеліп, арнайы құжаттар арқылы рәсімделуі тиіс. Ал ол үшін тарихшылар, археологтар, руханият саласының өкілдері, туризм саласының білгірлері, заңгерлер, ясауитанушылар, сәулетші-архитекторлар мен Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды.
Арнайы құжат қаланы рухани-мәдени және тарихи орталық етіп қалыптастыру мен дамытуға бағытталып, мемлекеттің маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Олардың карта-схемалары жасалады. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды қорғау, түпнұсқалығын сақтау, басқару және ғылыми зерттеулер жүргізу жүйесі құрылатын болады. Мәдени мұралар мен қолөнерді жаңғыртуға да септігін тигізеді. 2021 жылы Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы атанса, 2024 жылы Түркістанға «Түркі әлемінің туристік астанасы» статусы берілді. Заң жобасы туризм бағытын да ілгерілетуді көздейді.
Ең маңыздысы – қала аумағында аталған санаттағы объектілерге қауіп төндіретін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ Түркістанның археология ескерткіштерінің резерваты құрылатыны құптауға тұрарлық. Мұндай жауапкершілігі мол шешімдер жаңарған, болашағы жарқын әрі мақсаты айқын Түркістанды одан әрі көркейте түседі, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының сәулетін жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Шаһардың келбетін одан әрі көркейтуге тұрғындар да өз үлесін қосуда. Осы орайда өңір тұрғындарына белгілі медиатор, қоғам белсендісі Бақытжан Жармаханұлының ұсыныс-пікірін ұсынып отырмыз.
– 2022 жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан рухани астана деген мәртебеге лайық» деген ұсыныс жасаған болса, 2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы сөзінде Президент киелі Түркістанды «қазақтың рухани астанасы» деп нақты шегелеп айтып, қалаға ерекше мәртебе беру жайлы заң қабылдау жөнінде тапсырма берген еді. Осы тапсырма негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасының «Ашық нормативтік құқықтық актілері» порталының сайтында қоғамдық талқылау үшін жариялаған болатын.
Қуанышты жағдай, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Осы Заң жобасына сәйкес – Түркістан қаласы Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие және Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып табылады, сонымен қатар Заңның міндеті – ҚР рухани және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу әрі қала қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындап беру. Аталған құжат қабылданған жағдайда, оның ережелері киелі Түркістан қаласының тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен үйлері және басқа да объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында орналасқан ескерткіштерді басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аймағында биіктігі жеті метрден асатын және тарихи-мәдени ескерткіштермен ауқымы әрі түр-түсімен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.
Заңның талаптарына сәйкес негізгі мақсат:
– Түркістан қаласының еліміздің рухани және тарихи-мәдени орталығы ретіндегі ерекше мемлекеттік маңыздылығын тану;
– Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау басымдығы;
– Түркістан қаласы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде туризмді дамыту үшін жағдай жасау болып табылады.
Түркістан қаласының аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс және басқа да шаруашылық қызметтердіі жүргізуге тыйым салынады. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимараттардың өзара тұтастығын сақтау және қорғау мақсатында Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылатын болады, – дейді Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Бейсембаев.
Естеріңізге сала кетейік, киелі шаһардың биыл туризм астанасы атануына орай «Түркістан» газетінің №5 және №17 сандарында «Жаңа мәртебе жәдігер қалаға не береді?» деген сауалға қоғам белсенділері мен туризм саласы мамандарының ұсыныс-пікірлерін жариялаған болатынбыз. Жергілікті билік ерекше мәртебеге орай аталмыш мақалаларда көрсетілген ұсыныстарды да ескерсе деген тілегіміз бар.
Киелі қаланың бірыңғай қайталанбас сәулет стилі бар. Бүгінгі таңда салынып жатқан жаңа нысандар мен тұрғын үйлердің қасбеттері белгіленген талапқа сай бой көтеруде. Жеке кәсіпкерлерден тұрғын үйлер мен инвестициялық жобаларды бір үлгіде, ұлттық нақышта безендіруді талап етіледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа нысандарды орта ғасырлық сәулет өнеріне сай, ұлттық нақышты ұстана отырып, шаһардың ерекше бірегей келбетін сақтау қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ салынатын ғимараттар халыққа ұзақ жылдар бойы сапалы әрі жайлы қызмет етуі үшін әрбір жоба егжей-тегжейлі қаралады.
Шаһардың дизайн-коды, яғни құрылыс салу нормаларының стандарттары мен белгілі бір үлгі, ережелері сақталуы тиіс. Бұл талап тек ғимараттар мен тұрғын үйлердің ғана емес, сондай-ақ көгалдандыру, абаттандыру, тас төсеу, жарықтандыру, аялдамалар, шағын сәулеттік пішіндер мен орнатылған орындықтарға да қатысты.
Бұл бағыттағы жұмыстардың барысында өзге елдердің тәжірибесі де ескеріледі. Қоғамдық талқылау болады. Көпшілік пікірі ескеріледі. Ұсыныстар мен тілектер қаралады. Аталған тәжірибе облыстың аудан, қала, елді мекендерінде де қолданылмақ. Ауыл келбетін жақсарту бағытындағы ұсыныстарды меншік иелеріне ұсыну қарастырылуда. Бірыңғай үлгі өңіріндегі тұрғын үйлердің шатырына, жол желісіне, жарықтандыру, жарнамаларға, шағын сәулет нысандарына да қолданылмақ.
Осы ретте облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойғанына байланысты заң жобасына сай «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» атты қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті. Шаһар басшысының төрағалығымен өткен алқалы мәжіліс аталған заң жобасында көзделген ерекшеліктерге арналды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Мәртебелі жиынға Түркістан қаласының аумағында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың, этномәдени орталықтардың, діни бірлестіктердің басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және туризм саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртәбе беру туралы ұсынысы бойынша арнайы заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бүгінгі жиын арқылы «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» тақырыбында пікір алмасамыз. Аталған заң жобасының қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен нысандарына, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіл әлемдік мұра ретінде қорғау аумағында орналасқанын білесіздер. Сондай-ақ заң жобасы арқылы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамыту, Түркістан қаласын туристік орталық ретінде өркендету көзделуде, – деді қала әкімі.
Ең алдымен қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов Заң жобасы шеңберінде көзделген өзгерістер бойынша баяндама жасады. Осы ретте ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында қала тұрғындарының назарына аталмыш баяндаманы ұсынып отырмыз.
– Бүгінгі басқосуымыздың арқауы болып отырған жаңа Заң жобасы аясында бірқатар шешімдер қабылданып, тиісті шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ерекше мәртебе Түркістан қаласына не бермек?! Ең алдымен осыған тоқтала кетейік. Аталған Заң жобасының мазмұнында «Осы Заң Түркістан қаласына Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы деген ерекше мәртебе беру үшін тарихи-мәдени негіз ретінде Түркістан қаласының бірегей мұрасын сақтауға, зерделеуге және ілгерілетуге қатысты кешенді тәсілді іске асыру үшін ерекше реттеу мен қала құрылысын регламенттеудің құқықтық негіздерін белгілейді», – деп жазылған.
Жалпы ереженің белгіленген І тараудың баптарында Заңның қағидаттары белгіленіп, тарихи – мәдени мұраларымызды қорғауға, пайдалануға, жаңғырту үшін жағдай жасауға, сақтауға басымдық беру, қорғаудың заманауи әдістеріне негіздеу, әрбір қабылданатын шешімнің ғылыми және экономикалық негізділігі болуы атап көрсетілген. Ясауи кесенесі мен қорғау аймағындағы ғылыми жұмыстарды жоспарлауға және басқаруға қатысты кешенді тәсілді қолдану және дәстүрлі қолөнер әлеуетін дамыту. Сондай-ақ Түркістан қаласын маңызды халықаралық рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту және ілгерілету осы заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады. Бұл туралы шаһардағы мемлекеттік және жергілікті басқарудың ерекшеліктері деп аталатын 2-ші тарауда қарастырылған.
Алдағы уақытта Түркістан облысы және Түркістан қаласы жергілікті атқарушы органының құзыреті т.б. баптарда осы заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірнеше қағидалар мен ережелер қабылданып, жұмыс жасайтын болады. Аталған құжат Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың сондай-ақ жергілікті өкілді атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған. Жаңа Заң жобасы шеңберінде жерді пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады.
Туризм саласы бойынша туристік бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдау бағытында бірқатар қолдаулар көзделген. Атап айтар болсақ:
Туристік қызмет объектілерін, яғни, туристерге арналған қонақ үйлер салу және қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%-ды құрайды. Кәсіпкерлік субъектілері қонақ үйдің толық құжаттарын ұсынуы тиіс (пайдалануға беру актісі, Жобалық-сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, фото-бейне материалдар, өтініш);
Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%-ды құрайды. Жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан);
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне, яғни, автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 25%-ды құрайды. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектісі ретінде туроператор, турагент немесе гид қызметкерлері қарастырылады. Автокөлікке қойылатын талаптар: жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны болуы және техникалық стандардтарға сәйкес болуы тиіс. Субсидия алғаннан кейін туризм саласында туристерді тасымалдауды ұйымдастыру міндетті);
Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін өтеу («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 34-VII ҚРЗ. Заңына сәйкес субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде);
Сонымен қатар киелі шаһарда қолөнершілерді қолдау мақсатында қала аумағында қолөнер саласындағы шеберлер үшін шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған:
– қолөнер бұйымдарын жасау үшін өндірістік үй-жайды жалға алу;
– қолөнер тауарларын сатуға арналған коммерциялық үй-жайларды жалға алу;
– қолөнер тауарларын дайындау үшін шикізатты сатып алуға арналған шығыстар;
– сатып алу шығындары жабдықтар үшін қолөнер бұйымдарын дайындау;
– коммуналдық қызметтер.
Айта кетейік, субсидия мөлшері туристік қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының ұқсастығы бойынша 10%-дан 25%-ға дейін өзгереді. Қолөнершілердің қызметі аясында осы аталған негізгі шығындар қамтылады. Аталған қолдаулар арқасында қолөнер саласын дамытуға өз септігін тигізеді.
Құрылыс саласы бойынша шаһар аумағының қала құрылысы регламентін, Түркістан қаласының дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Қала аумағына құрылыс салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін шаһар басшысы Түркістан қаласының қала құрылысы кеңесін құрып, қала аумағында сәулет-қала құрылысы, монументалды-көркемдік безендіру мәселелері жөніндегі ұсынымдарды қарайды және енгізеді. Қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де функцияларды іске асырады.
Мәдениет саласы бойынша аталған Заң жобасы шаһар аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуы мен күтіп-ұстау тәртібіне орай мемлекеттік бақылаумен қоса бірқатар жобаларды жүзеге асырады:
Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
Шаһардың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларында жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, ғылыми-реставрациялау жұмыстарын және археологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды көздейді;
Қала аумағында орналасқан материалдық емес мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз етеді;
Шаһар аумағында орналасқан барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының жобаларын әзірлейді;
Барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің күзет аймақтарына іргелес аумақты салу кезінде қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
Қала аумағында орналасқан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінде жоспарланатын ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ғылыми-жобалау құжаттамасын қарайды және келіседі;
Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асырады, – дейді Мұхтар Ақжігітұлы өз баяндамасында.
Жиын барысында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, ҚХА жанындағы қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіхан Әбдіқадіров, қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсұт Атанбаев, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бектас Шірікбаев, «Ахыска-Тұран» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Усейн Медедов, қалалық өзбек этномәдени орталығының басшысы Райымжан Қошқаров, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және өзге де зиялы қауым өкілдерінен біраз ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен қатар, басқосуға арнайы қатысқан облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және Үкіметтік емес ұйым өкілдері пікірлерін ортаға салып, қала дамуының ендігі мүмкіндіктері мен жоспарлары туралы сөз қозғады.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков заңның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының мемлекеттік маңыздылығы ерекше екендігін еліміздің рухани әрі тарихи-мәдени орталығы ретінде таныту, қасиетті қаладағы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мен қорғауға басымдық беру, қала экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – туризм саласын дамыту болып табылатындығын айта келіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірлері және ұсыныстарын ортаға салып бөліскендері үшін қатысушыларға алғысын білдіріп, жиынды қорытындылады.
Жиын соңында «Ерекше мәртебе – дамудың жаңа серпіні» тақырыбында өткен кездесуге қатысушылар тарапынан қаланың атауынан бастап, туризм саласындағы мәселелер талқыға түсті және осы бағыттарда бірқатар ұсыныстар айтып, ҚР Парламентінің қарауына ұсынылып отырған заң жобасын толығымен қолдай отырып, ол бойынша заң шығарушы органы оң шешім қабылдайтындығына сенімдерін білдірді.
Айта кетейік, жаңа Заң жобасы Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін арттыруға тың серпін беріп, септігін тигізері анық. Жергілікті атқарушы билікке кең ауқымды мүмкіндік беретін жобаны түркістандықтар ерекше ықыласпен қабыл алып, қолдау білдіріп отыр.
Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 млрд теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 млрд теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.
Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны 5,5 млрд теңге. Ал аумағы 2,5 гектар. 25 архитектуралық нысаннан тұратын кешенде қонақүйлер, сауда нүктелері, қолөнер шеберханалары мен дүкендері қамтылған. Ірі жобалар қатарында Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жоспарлануда. Жоба құны – 190 млн АҚШ доллары. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жалғасады. Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Сондықтан Түркістанда ұлттық ойындарды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынады деп жоспарлануда.