Электронды ақша ұрлауды «кәсіп» ету қашан басталды?
Сіз бен біз өмір сүретін бүгінгі қоғамда бетперде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы мол қаражатты қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Дәлірек айтқанда, біздің елдің аумағында осындай сипаттағы қылмыс жиырма бір жыл бұрын тіркелген болатын. 2003 жылы К. есімді азамат компьютерлік желі арқылы «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесінен 3 миллион 500 мың теңгені оп-оңай жымқырады. Кейінірек күдікті қолға түсіп, сот сараптамасынан соң бес жылға сотталды. Дәл осы фактордан кейін өзге де қылмыстардың қылаң беруі Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнайы басқарманың оңаша отау құруына да ықпал етті.
Айта кетейік, дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник. Былтырғы жылы бақиға аттанған ол 1994 жылы әлемдегі іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанып үлгерді. Міне, дәл осы кезден бастап қоғамымызға компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы орнықты десек, артық айтқандық емес. Ал, тәуелсіз елімізде Ішкі істер министрлігі республикада жасалған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашты. Министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкіге қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмысты топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді. Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде еліміздегі 30 аса ірі компанияның шотынан ұрланған қаражаттың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді.
Құқықтық сауатсыздық – киберқылмыстың көбеюіне басты себеп
Интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Заңгер Жасұлан Шыршықбаев тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі ең бірінші кезекте өздерін әттеген-айлатып отырғанын айтады. Білікті маман банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.
– Кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпайық. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютер мен планшетте, тіпті ұялы телефонда вирусқа қарсы бағдарламалар болғаны дұрыс. Өйткені ол қажетсіз, күмәнді зиян келтіретін файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады. Жасыратын несі бар, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Десе де, мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауарды алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтап алу керек. Оның мекен жайы, байланыс телефондары бар ма, жоқ па – осы мәліметтерге мән беру маңызды. Реті келсе, сайтта көрсетілген нөмірге хабарласып, өкілімен сөйлесу қажет. Осы сайт арқылы бұрын тауар сатып алған таныстарыңыздың пікірін тыңдау да артықтық етпейді. Ал, біздің азаматтардың көпшілігі аз ғана уақыт алатын осы әрекеттерді орындауға құлықсыз. Керісінше, тұрғындар жеке құжатындағы және банк картасындағы мәліметтерді, аударымдар туралы түбіртек қағаздарды кодтар мен құпия сөздерді оңды-солды таратуға бейім. Осыдан соң, интернет алаяқтардың құрығына түстім деп байбалам салады. Қысқасы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артпайынша, киберқылмыстың да саны азая түспесі белгілі, – деді Жасұлан Оразбекұлы.
Қитұрқы әрекеттерді қалай жүзеге асырады?
Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, қитұрқы әрекеттерімен қақпанына түсіреді. Бұған себеп аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шет елде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.
Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таң қалып едік. Бұл күнде сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Мәселен қазір алаяқтар да заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банк шотыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті» шыққан «операциялары» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің «схемаларын» тізіп көрелік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ «схема» бір. Мысалы, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметінің барлығын толтыра саласыз. Осылайша алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас.