Елімізде қаржы пирамидасына алданған азаматтар саны өсіп барады. Биылдың өзінде жыл басынан бері 24 қаржы пирамидасы анықталды. Ол бойынша елу үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар азаматтарға 12 миллиард теңге шығын келтірген. Осы тұста қаржы мониторингі агенттігі өкілі Әлібек Әбділов қазақстандықтарға алаяқтардан қорғанудың әдіс-тәсілдері және агенттік беретін мүмкіндіктер жайлы айтып берді.
Әлібек Әбділов қаржы мониторингі агенттігінің 1458 call орталығы азаматтарға қолдау көрсететінін айтады. Агенттік түрлі ақпараттық технологияларды қолданып, тәулік бойы мониторинг жасайды.
“Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, цифрлық активтер арқылы нашақорлық, есірткі, терроризмді қаржыландыру сияқты дүниелер ақшаны заңдастыруға апарып жатады. Бұның барлығына Қылмыстық кодекспен жауапкершілік көзделген. Сондықтан да түрлі қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар және тағы да басқа алаяқтардың әрекеттеріне сенбей, өз ақшаңызды белгілі бір жерге салардың алдында міндетті түрде компанияны тексеріп алуыңыз керек. Сондай-ақ агенттіктің 1458 call орталығына хабарласуға болады, деп жазады stan.kz порталына сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Интернет кеңістігінде заңға қайшы контент, қаржы пирамидаларының белгілері бар ақпараттар, түрлі әлеуметік желілердегі блогтарға мониторингтер жасалды. Егер қаржы пирамидаларының белгілері бар болса, ақпарат министрлігіндегі кибербақылау деп аталатын жүйеге жіберіледі”, – дейді Әлібек Әбділов.
Оның айтуынша, бұл алгоритм 2022 жылы 6,5 мың сайтты бұғаттауға мүмкіндік берген. Биылдың өзінде 7 мыңға жуық сілтеме бұғатталыпты.
“Ал егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2020 жылы тек 558 ғана сілтеме бұғатталған еді. Сондықтан техника мен технологияларды барынша пайдаланып, осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Былтырғы жылдың аяғынан бастап азаматтарға ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізіледі. Осы жұмыс аясында қаржы пирамидасының белгілері бар әлеуметтік желі парақшаларының жазылушыларына ресми аккаунттарымыз арқылы “сіз қаржы пирамидасы белгілері бар парақшаға жазылдыңыз, жазылымды алып тастауға кеңес береміз” деген арнайы хабарламалар жіберіп отырамыз”, – дейді ол.
Әлібек Әбділов ақшасын қаржы институттарына саламын деушілерге алдымен компания туралы бар ақпаратты жинау керектігін еске салды. Ол үшін қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан компанияның Қазақстан территориясында қаржы лицензиясы регистрі барын анықтап алу керек.
“Екіншіден, қаржылық монтиторинг агенттігінің сайтында қаржы пирамидасы деп танылған немесе қандай да бір компанияға қатысты іс жүргізіліп жатса, соның статусымен біле алатын тізім арқылы тексеруге болады. Үшіншіден, қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері іске қосқан “Байқа” телеграм боты арқылы жұмыс істейді.
Азаматтарымыз осы бот арқылы өз күшімен кез келген сайтты, әлеуметтік желіні қаржы пирамидасының белгілері бар-жоғын тексере алады. Бұл әрине алаяқтардың схемаларынан қорғайды. Бұл телеграм бот халық арасында танымал. Қысқа уақыт ішінде азаматтардан келіп түскен 6 мыңнан аса өтініш қаралып, олардың жартысынан көбіне автоматты түрде жауап берілді. Алдағы уақытта тағы да азаматтарға атқарылып жатқан жұмыстар туралы, жаңалықтар туралы алдын ала ақпарат беретін жаңа құралдар жасалуда”, – дейді Әлібек Әбділов.
Әлібек Әбділов қаржы пирамидалары қазіргі уақытта қоғамдық қауіпке айналғанын айтады. Сол себепті кімде-кім пассивті табыс ұсынып жатса, оған барынша сақтықпен қараған дұрыс.
“Қаржылық мониторинг агенттігі бүгінгі таңда қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылармен күресті басты назарға алып отыр. Қазіргі уақытта біздің агенттікке қаржы пирамидаларының циклін қысқарту және олардың салымшыларын азайту мақсаты қойылды. Әлбетте, кез келген қаржы пирамидасы төрт кезеңнен өтеді. Басталуы, өсуі, кризис және оның тоқырауы. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың шағымдарын күтпестен жалған қаржылық компанияларды ерте анықтап, қызметін тоқтату. Бұл үшін түрлі алгоритмдер жасалынады және қызығушылық танытқан барша құзыретті органдармен бірге жұмыстар жүзеге асырылады”, – дейді Әлібек Әбділов.
Сонымен қатар ҚМА ресми өкілі қаржы пирамидаларының ең көп тараған түрлеріне тоқталды.
“Қаржы пирамидаларының түрлеріне келер болсақ, ең стандарттысы – матрицалық қаржы пирамидасы. Бұл қаржы пирамидасына қатысушылар белгілі бір ұяшыққа бірнеше адамды топтастырады. Оның артынан адамдарды тартып, басқа да топтар пайда болады. Бұдан кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлерін қолдану арқылы қаржы пирамидасы жасалады. Бірінші аталған мессенджерде топтар құрылады. Оған белгілі бір сома төлеу арқылы азамат топқа кіре алады. Топқа қосылғаннан кейін өзімен бірге бірнеше салымшыны (әдетте бұл 2-4 адам) әкелуі керек.
Бұл шарттарды орындап болған соң сыйақы ретінде өз салған ақшасынан 200-400 пайыз көлемінде сыйақы беріледі. Кіргізетін адам санына шектеу қойылмайды, аз сома салу арқылы көп ақша табуға бағыттайды. Одан кейін желілік маркетингтің атын жамылып жұмыс істейтін қаржы пирамидалары аз емес. Егерде желілік маркетингте өз салған ақшамызға татитын тауар алсақ, бұл жерде тауар жайында айтылғанымен, қолға алмайсыз немесе өте қымбатқа сатылады. Желілік маркетинг жүйесінің кейбір элементтерін қолданып, өзінің артынан тағы адамдарды әкелуі керек. Олардың келуіне үлес қосқан адам одан да көп ақша табады”, – дейді ол.
Сондай-ақ инвестициялық компаниялар ретінде жұмыс істейтін қаржы пирамидалары бар. Бұндай ұйымдар әдетте құнды қағаздар нарығына ақша салуды ұсынады.
“Олар биржалық саудалар немесе пайдасы жоғары мейрамханалар, қызмет көрсететін компаниялар, тендерлерге қатысу, шетелдегі жылжымайтын мүлікке ақша салуды ұсынып жатады. Бұл жерде классикалық үлгіде ақшасын бірінші салғандар кейінгі келгендердің есебінен ақша алып отырады. Сонымен қатар қазіргі таңда ұйымдар блокчейн технологияларды үйрететін курстар арқылы оқыту бағдарламаларын тегін өткізе отырып, түрлі қаржы технологиялары мен инструменттерге инвестиция жасауға үгіттейді”, – дейді Әлібек Әбділов.
Оның сөзінше, клиент келіп курстан өткеннен кейін курсты ұйымдастырғандар клиенттің ақшасын түрлі трейдингтік платформаларға салуға үгіттейді. Ал бұл трейдинг платформалары – көбінесе оқыту орталығының дайындаған жобасы. Оның үстіне бұл компаниялар әдетте Қазақстан территориясында емес, шетелде тіркеледі және олардың лицензиясы болмайды.
“Ешқандай да рұқсат қағаздары болмайды. Олардың табысы өте жоғары. Айына 20-30% өсім болады. Бұл – шетел валютасындағы қаражат. Олар компанияға салынған қаражатты табыс ретінде қайта шығаруға ешқандай кепілдік бермейді. Қаржы пирамидаларының тағы бір түрі криптобиржалар арқылы да жүзеге асады. Бұл жерде салымшыларға криптобиржаларға инвестиция жасауға шақырады. Ал олардың іс жүзінде ешқандай құндылығы жоқ болады”, – дейді ол.
Бұл жерде айтып өтетін жайт, Қазақстан территориясында криптовалюталармен кез келген операцияларды жүргізуге тосқауыл қойылған. Тек қана Астанадағы халықаралық қаржы орталығының территориясында тіркелген және сол жерде жұмыс істейтіндерге ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі.