ӘРБІР АДАМНЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Тараз қалалық сотының судьясы Елнұр Смайловтың айтуынша, соңғы кездері ақпарат пен әлеуметтік желі дамыған дәуірде заң мен құқықтық тұрғыда тілдік сараптама жасай алатын мамандардың маңыздылығы сезіліп отыр. Филологиялық сараптама негізінен қорлау, қоқан- лоққы көрсету, дөрекілік таныту, жазғыру, жала жабу, іскерлік бедел мен абыройға кір келтіру фактілерін анықтау, экстремистік, ұлтараздық ниеттегі мәтіндерді табу, мемлекеттік мекемелер мен биліктей тұлғаларға тіл тигізу фактілерін дәлелдеуді қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, тілдік сараптама сөйлеу мен сөз, жазылым кезінде орын алған заңға қайшы, қылмысқа итермелейтін, құқықбұзушылық деректер мен мәліметтерді анықтайды. Сол арқылы нақты азаматтың ар- намысына қаншалықты нұқсан келтірілгенін тексереді. – Бүгінде әлеуметтік желінің рөлі жоғары. Бірақ әлеуметтік желіде кейде ел азаматтарының ойлары бір жерден шықпай сөзге келіп, бір- бірінің намысына тию жағдайлары да болмай тұрмайды. Жеке адамның ар-намысына тию дегеніміз – азаматқа оның моральдық, іскерлік, отбасылық және өзге де қасиеттерінің негізінде қоғам тарапынан біреулердің баға беруі. Осы орайда, Азаматтық Кодекстің 143-бабында көрсетілгендей, егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратқан адам олардың шындыққа сәйкес келетіндігін дәлелдей алмаса, өзі жөнінде таратылған мағлұматтарды сот жүзінде шындыққа сай келмейді деп тануды талап етуге құқылы. Яғни, бұл тұрғыда елімізде арнайы заң қарастырылған. Мәліметтер жаман атқа қалдыратындай болса кез келген адамның өз құқығын қорғауына еліміздің заңдары мүмкіндік береді. Мысалы, азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысын, абыройын немесе іскерлік беделділігін заңдардың, қоғамның моральдық нормаларының сақталуы тұрғысынан қоғамдық немесе жекелеген азаматтардың пікірінде көрініс тапса, бұл құқықбұзушылық болып табылады, – дейді Ернұр Смайлов. Оның айтуынша, талапкер тек өзін масқара лайтын мәліметтерді жауапкер таратқандығын ғана дәлелдеуі тиіс. Осындайда ол өзінің ар-намысын және абыройын түсіретін мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы дәлелдемелер келтіре алады. Егер де дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот тараптарға қосымша дәлелдемелерді ұсынуға немесе оларды өз бастамасы бойынша сұратуға құқылы. Қорғаудың арнайы нысаны дегеніміз – мәліметтерді теріске шығару немесе жауап қайтару. Ол осындай мәліметтердің таратылуына жол берген тұлғалардың кінәсінің бар немесе жоқтығына байланыссыз колданылады. Ар- намысты, абыройды немесе іскерлік беделдікті қорғау үшін қорғаудың арнайы әдістермен қоса, жалпы әдістерін де пайдалану мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, олар залалдарды өтеу және моральды зиян үшін өтемақы төлеу. Ар-намысты, абыройды немесе іскерлік беделді бұзу нәтижесінде туындаған мүліктік және мүліктік емес зиян келтіруден туындайтын міндеттемелерді реттейтін нормаларға сай өтеледі. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары еліміздің соттарында ар- намысын, абыройын немесе іскерлік беделділігін қорғау туралы істердің көбейе түскені байқалады. Демек, халқымыздың құқықтық сауаты да артып келеді деп айтуға негіз бар. Мұндай істерде бітімгершілік келісім де жасалып жатады. Статистикалық мәліметтер азаматтар мен заңды тұлғалар өзінің қорғау құқығын белсенді түрде пайдаланатындығын көрсетуде. Тиісінше, ар- намысты, абыройды немесе іскерлік беделділікті сот жүзінде қорғау институты тиімді қызмет етуде. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырғандар ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін. Өйткені, көпшілік алдында біреудің тарапына айтылған бір ауыз сөзі үшін елімізде жазаланып жатқандар жетерлік. Тек 2021 жылы ғана әлеуметтік желіде 140 мыңға жуық заң бұзу деректері кездескен. Оның ішінде біреуге жала жауып, ар-намысына тиюден бөлек, жалған ақпарат тарату, кибербуллинг, экстремизм деректері де бар. Ар-намысқа және абыройға кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтыны анықталған жағдайда, мәліметтердің таратылуына кінәсі болмаса да, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі. «Сот барысында әрбір сөзге арнайы лингвистикалық сараптама тағайындалады. Ол заң және құқық саласында қолданылатын, қылмысты, құқықбұзушылықты тілдік жағынан болған не болмағанын растайтын, сотта үкім шығаруға пайдаланылатын құзыретті дәйектеме. Лингвистикалық сараптаманың нәтижесі – тергеу кезінде алынған қорытынды, ол фактімен тең тұрады, сот үкіміне әсер етеді. Азаматтың ар-намысына немесе қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімдеме кәмелетке толмаған немесе заң жүзінде қабілеті жоқ деп танылғандар жөнінде таратылған болса, олардың заңды өкілдері ар- намысты және абыройды қорғау жөнінде талап қоюға құқылы (Мысалы, патронат, қамқоршы, тәрбиеші немесе прокурор). Талапкер талап- арызында көрсеткен жауапкердің өзі жөнінде жалған мәліметті таратқанын ғана дәлелдеуге міндетті. Сонымен қатар, ол ар-намысына және абыройға кір келтіретін мәлімдеменің жалған екендігін анықтайтын дәлелдер келтіруге құқылы», – дейді өз сөзінде Ернұр Смайлов.