Жалған ақпараттың таралуын қалай тоқтатуға болады?
Ғаламторды шарлаған жалған ақпараттың көптігі сонша, кейде шындықты ажырата алмай қалып жатамыз. Ақпараттың дұрысын анықтау мүмкін емес кезде жалған ақпаратқа тосқауыл болар шараны іздейміз.
Жалған ақпаратты түбегейлі тамырымен жоя алмасаңыз да, оның әрі қарай тарап, қоғамның санасын улауына тосқауыл бола аласыз. Оған жетудің алғашқы қадамы өте қарапайым. Алдымен барлығын өзіңізден бастаңыз. Бөлісетін ақпаратыңыздың нақты және шынайы екеніне көз жеткізіп алыңыз. Көз жеткізгенней кейін ғана оны таратуға болады. Жалған ақпараттың саны азаяды.
Сондай-ақ Интернетте кездесетін ақпаратқа сыни көзқараспен қарау маңызды, бұл сізге ақпараттық гигиенаны сақтауға мүмкіндік береді. Таныстарыңыздың ешқайсысын адастырмайтыныңызға сенімді бола аласыз! Минутына миллион ақпарат тарап жатқан ғаламторда жалған ақпараттың таралуын қалай тоқтатуға болады?
1. Егер жалған ақпаратты көзіңіз шылып, оның жалған екендігіне сенімді болсаңыз, бұл туралы өзгелерге ескерту жасаңыз! Егер сіз белгілі бір жазбаның немесе мәлімдеменің қате екеніне сенімді дәлел тапсаңыз, бұл туралы міндетті түрде жазыңыз. Адамдар сол жалған ақпаратқа сеніп кетпеуі үшін ондағы өтірік немесе бұрмаланған жайттарды түсіндіріп өтіңіз.
Егер сізде осы ақпаратты жоққа шығаратын мақалаларға сілтемелер болса, оларды жауабыңызға қосыңыз. Әдепті және сыпайы жауап беріңіз. Егер досыңыз немесе туысыңыз қате ақпарат жіберіп жатса, оларға барлығын жақсылап түсіндіріңіз.
2. Ғаламтордан, әлеуметтік желіден жалған ақпаратты байқасаңыз, оған шағымданыңыз! Өйткені парақшадағы жазбаға шағым түсірсеңіз, ол ақпарат желіде бұғатталады. Жалған ақапараттың көп бөлігі әлеуметтік желі арқылы тарайды. Сол себепті қарапайым адамдар жалған ақпараттың жетегіне еріп кетеді. Тіпті кейде рас пен өтіріктің ара жігін ажырата алмай қалып жатады. Сол себепті сайт әкімшілігіне шағымдану арқылы оның таралуын тоқтатуға көмектесіңіңіз. Тиісті тексеруден өткеннен кейін жарияланым жойылады.
Сіздің әрекеттеріңіз қашан да маңызды. Жалған ақпаратқа шағымдануға уақыт бөліңіз, сонда сіз оның таралуын тоқтатасыз немесе кем дегенде баяулатасыз, осылайша виртуалды кеңістіктің тазалығына үлес қосасыз.
3. Ақпараттың растығына көзіңіз жетпесе, оны таратып әуре болмаңыз! Жазбаны жарияламас немесе достарыңызға жібермес бұрын әрқашан ақпараттың дұрыстығын тексеріңіз. Егер ақпаратты қосымша тексере алмасаңыз, оны таратудың қажеті жоқ. Керісінше оның жолын кесіп, жоғарыда айтылған кеңестерді орындаңыз.
Ақпарат әзіл ретінде жарияланса да, оны шындықтай қабылдайтындар табылады.
Ақпараттың растығын қалай тексеруге болады? Қандай фактілерге назар аударамыз?
1. Ақпараттың қандай дереккөзден алынғанын тексеру.
Жаңа немесе күмәнді ақпаратты кездестіргенде, бөлісу тетігін баспас бұрын оның дереккөзін қараңыз. Рас-өтірігіне көз жеткізу үшін дереккөздің түпнұсқасына өтіңіз. Яғни оны кімнің таратқанын назарда ұстаңыз. Таратушы дереккөздің қаншалықты сенімді екенін анықтау үшін оның бұған дейін жазған жазбаларын ой елегінен өткізіңіз!
2. Ақпараттың маңыздылығын түсіну үшін оның жарияланған күнін тексеру.
Ақпараттың жарияланған күні әдетте мақаланың басында (кейде соңында) автордың аты-жөнінің қасында көрсетіледі. Мақаланың өзгертілгенін немесе ескіргенін анықтау үшін жарияланған күніне зер салу қиын емес.
Ескірген ақпарат өзінің дәлдігін жоғалтуы мүмкін, сондықтан мақаланы бөліспес бұрын оның қашан жарияланғаны маңызды. Ескірген ақпарат кейде жалған мәлімдемелерді ақтау үшін пайдаланылады.
3. Ақпаратты бөліспес бұрын оның басқа дерек көздерден расталғанын тексеру.
Бұл ақпаратты басқа ұйымдар немесе жаңалық порталдары қалай таратқанына мән беріңіз. Егер ақпарат ресми орындармен расталған болса, оны барлық басылым таратады. Егер маңызды ақпаратты бір ғана дерек көзі таратса, онда оған күмәнмен қарауға толық негіз бар.
Жергілікті жаңалықтар тек бірнеше дереккөздерде пайда болуы мүмкін.
4. Фактчекинг жасайтын сайттардан тексеру.
Жазбалардағы, тақырыптардағы немесе басқа интернет-басылымдардағы кез келген шағымдарды немесе «фактілерді» бөліспес бұрын тексеріңіз. Егер факт тексеретін сайттарда оның жалған екені расталса, оны ары қарай таратпаңыз.
Факт-тексеру сайттары өте пайдалы, бірақ сіз іздеген ақпарат ол сайтта тексерілмеген болуы мүмкін.
Сіздің субъективті көзқарастарыңызды растайтын ақпаратқа сыни көзбен қарап үйреніңіз. Саяси немесе философиялық көзқарастарыңызға сай кейбір мәселелерде біржақтылық танытуыңыз заңды. Сіз басылым авторының пікірімен келісіп тұрсаңыз да ақпараттың растығына мән беріңіз. Менің көзқарасымды құптап тұр екен деген оймен жалған ақпаратты таратудан аулақ болыңыз.
Ең бастысы ақпаратты таратпастан бұрын кідіріс жасап, оны тексеруге мүмкін болатын барлық дерек көздерден ерінбей қарап шығыңыз.