Уақыт өткен сайын қаржы пирамидаларының өзі де, схемалары да түрлене береді. Ең алғашқы қаржы пирамидасы 1919 жылы АҚШ-та пайда болды. Содан бері Понцидің жолын қуғандар мыңдаған қаржы пирамидасын құрған. Ал елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1994 жылы анықталды. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр. Негізінен, қазір қаржы пирамидасының негізгі 16 схемасы белгілі. Дегенмен жаңа заманғы технологиялардың ықпалымен олардың жұмысы да өзгерген. Мәселен, былтыр азаматтарды алаяқтық схемаларға тартатын, қаржы пирамидаларының қызметін жарнамалайтын 13 мың интернет сілтеме мен аккаунт бұғатталыпты. Естеріңізде болса, бұған дейін танымал блогерлер күдікті деп танылған бірнеше оқиға тіркелген еді. Сол істердің біразы әлі жалғасып жатыр. Былтыр пирамидаға қатысы бар блогерлер шетелге қашып кеткен жайттар да тіркелді. Одан бөлек, қылмыстық әрекеті сотта дәлелденген қаржы пирамидаларына қайта қаражат тарту жағдайлары жиілеп кетіпті. Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі LV Force, World Business Consulting, The Finico, Caspian Crocus, B2B Jewelry, «ПК Елімай-2019», «Мебельный проект Нур», «Лидер», «Лидер капитал-168», «Нарымбетова», Hermes-LTD сияқты қаржы пирамидаларының жолы кесілген еді. Дегенмен олар қарапайым мессенджерлерден бастап білім беру курстары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түрлерін ұсынып, азаматтардан ақша алудың қылмыстық схемаларын қайта ұйымдастырған. Оларға сеніп, қайтадан ақша салатын азаматтар саны да аз болмаған. Оған қоса, қаржы пирамидалары адам жинау кезінде түрлі психологиялық, манипуляциялық әдісті қолданады. Ол адам сіздің ең жақын құрбыңыз, досыңыз, сыныптасыңыз, тіпті туысыңыз болуы әбден мүмкін. Алданғандардың көбі жақын адамының кеңесін жат көрмегендіктен опық жейді. Қысқасы, қаржы пирамидаларын құрушылар азаматтардың қаржылық сауатының ақсаған тұстарын өз мүдделеріне шебер қолдана біледі. Жәбірленушілердің шағымдарында да адамдардың басым бөлігі алаяқтар біздің қаржылық тұрғыда көп нәрседен хабарсыздығымызды пайдаланатынын айтады екен. Алданғандар өрескел қателіктер жіберді, алдын ала оқып, таныспастан құжаттарға қол қояды, мүлде жоқ сандық валютаны электронды қызметтер арқылы сатып алды, шетелдік компанияларға, күмәнді шоттарға ақша аударды. Оңай олжа опа бермейді Жалпы, 2022 жылы қаржы пирамидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша 85 қылмыстық іс аяқталған. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталыпты. Жәбірленушілерге 8,3 млрд теңгеге залал өтеліпті. Қаржы мониторингі агенттігі де қаржы пирамидаларымен күресте соңғы технологиялар мен әдістерді қолданып отырғанын мәлімдеген. Мәселен, қазір жалған шот-фактураларды жазу, бюджет қаражатын ұрлау және қаржы пирамидалары сияқты қылмыс түрлері жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы анықталады екен. Бұл – пирамидалармен құқықтық тұрғыдағы күрес және оның қауқары алаяқтардың жолын алдын ала кесуге толық жетпейді. Сондықтан қоғамдық күрестің маңызы зор. Ол үшін әр азамат өзінің қаржылық сауатын жетілдіріп, мәселеге суық ақылмен зер салуы керек. Жалпы, қаржы пирамидаларының ең басты және негізгі белгісі – көл-көсір пайдаға кенелтуге уәде беру немесе сендіру. Егер кімде-кім нарықтағы жағдайға қарағанда оңайырақ пайда табудың жолын айтса, оған ермеген жөн. Екінші белгісі – компания нақты экономикалық немесе инвестициялық тұрғыда жұмыс атқармайды. Яғни, қаржы пирамидалары әдетте тауар өндіру не сату, несие беру, құрылыс немесе құрылыс компанияларының затын сату арқылы жұмыс істейді. Үшінші белгі – мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни мұндай компаниялар қаржылық есептілігі жоқ, келісімшарт жасаспайды, келісімшарт болса да, ұйымдастырушылардың өз пайдасына жасалған және еліміздің заңнамасына сәйкес келмейді. Пирамиданың төртінші белгісі – компанияның жан-жақты қызметі, ол тұтастай алғанда өздерінің белгілі бір нәрсемен айналыспайтынын жасыруға бағытталады. Бесіншісі – әлеуметтік желілердегі, интернеттегі жарнамалар. «Жарнама туралы» заңға сәйкес, БАҚ-та осындай жарнамалардың таралуына тыйым салынуына байланысты осы «бизнестің» барлығы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатыр. Алтыншы және өте маңызды белгі-сі – қаржылық реттеуші лицензиясының болмауы. Егер сыйақы мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілсе, кез келген салымды депозит деп тануға болады. Халықтан қаражат қабылдау үшін Ұлттық банктің лицензиясы талап етіледі, ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР Екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңға сәйкес, банктер ғана салынған қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді.
Байқа, пирамида!
Одан бөлек, қазір компанияның қаржы пирамидасына жататынын не жатпайтынын қолыңыздағы смартфонның көмегімен бір-ақ сәтте анықтай аласыз. Қаржы мониторингі агенттігі әзірлеген Telegram мессенджеріндегі бот азаматтарды қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардан қорғануға көмектеседі. Бот «Байқа, пирамида!» деп аталады. (боттың сілтемесі: t.me/BAIQApiramidaBOT). Одан бөлек, шағым да қалдыруға болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Telegram-ботқа азаматтардан 1 мыңнан астам өтінім түскен екен, олардың 900-ден астамы қаралған. Сонымен қатар бұл оларды ерте анықтауға сеп болады. Пайдаланушыға компанияның немесе ұйымның сайтына, Instagram парақшасына, Vkontakte тобына немесе Telegram арнасына сілтеме енгізу жеткілікті. Сонымен қатар сізге табыс ұсынатын компанияны БСН арқылы тексеруге болады. Қаржы мониторингі агенттігінің ресми сайтынан да анықталған қаржы пирамидаларының тізімін таба аласыз. Telegram-дағы @fkazanswerbot ботын да айтып өту керек. Күмәнді компанияның атауын, мекен- жайын, қаржылық, инвестициялық немесе ақша табуды, қор нарығында ақша табуды үйрету жолдарын немесе сансыз тауларға бірден кепілдік беретін кез келген компанияның сипаттамасын жібере аласыз. Канал авторлары компанияны тексеріп, кейінірек нәтижесін жариялайды. Ал белгілі бір компанияға шағымдану үшін Қаржы мониторингі агенттігімен байланысу керек.