Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Күн сайын алаяқтар интернет желісінде өз кеңістігін кеңейтуде. Адамдар желіде жарияланған кез-келген мүлікті сату туралы хабарландыруларға сеніп, зиянкестердің құрбаны болады. Ештеңе білместен, олар мессенджерлер арқылы банктік карталардың, жеке куәліктердің суреттерін бөтен адамдарға жібереді.
Қарапайым халықты айналдырған бірнеше секундтың ішінде «экшн» жарнамасымен баурап, оңай олжаға айналдырған алаяқтар азаймай тұр. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «ақшаны екі еселендір» деген сынды уәдені үйіп-төгіп, алаяқтар өзінің құрбанын оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да қажып жүрген кейбір жандар мұндай тегін заттан қалай бас тартсын?! Тіпті базбіреулер әлгі алаяқтарға еш ойланбай сұраған қаражатын ұстата салады. Сақ болмасақ, айналамызда олар өріп жүр.
Алаяқтардың түрі өте көп. Олардың ішінде электрондық пошта, лотореялық, жарнамалық түрі кең тарағаны. Бұл амалдар арқылы алаяқ аңқау адамдарды құрығына түсіріп, атынан кредит рәсімдеп немесе банк картасындағы қаржысын қалтасына басады. Олар алдау үшін түрлі айла-тәсілдер қолданады. Ығына жығылған жанның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес. Олардың торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Алданғандардың сөзін естісек, сенуге тұрарлық дүние еместей көрінеді. Әйтсе де олардың да өз жоспары, ойлаған «құрығы» болады.
Технология қаншалықты дамығанымен интернет алаяқтарды құрықтау қиынға соғады. ІТ саланы меңгерген алаяқ болса, оны анықтау тіпті қиын. Қазіргі заман ағымында кез келген адам сайт, қолданбалы желі аша алады. Неліктен және қандай мақсатпен ашатыны ешкімді алаңдатып жатпайды. Сондықтан, сақтансаң сақтайды демекші, назарларыңызға бірқатар сақтық шараларын ұсынамыз.
Ең бірінші кезекте естеріңізде болсын, ешбір банк немесе құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді. Қоңырау шалу арқылы ақпарат немесе код сұрамайды. Ал егер расында қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда банк қызметкері сізді бөлімшеге келуді өтінуі қажет болады.
Қандайда бір дербес деректер, пластикалық карталардың нөмірін, аударымдар туралы түбіртек, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді, тіпті банк, полиция қызметкерлері және тағы да басқа өкілдік ететін адамдарға бермеуге құқылысыз. Сондықтан кім көрінген адамға, беталды құпия кодтарды айтпағаныңыз абзал.
Белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа жерлерге өз деректеріңізді жазбаңыз. Қазір ватцап чаттарға түрлі хабарламалар келеді. Ұтысқа қатысыңыз, бірнеше адамға таратсаңыз, сізге ақша түседі деген мазмұндағы сайттардың дені – жалған. Ұтысты аудару үшін карта номерін енгізіңіз деп сіз туралы барлық мәліметтерді осылайша оп-оңай алады.
Бөтен, бейтаныс контактілерден немесе спам-жіберілімдерде төлем жасауға немесе ұстауға бағытталған сілтемелер бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем үшін фишингтік сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын жиі тексеріп отырыңыз.
Қазіргі таңда оңай олжа табуды көздеген алаяқтар айласын асырудың түрлі амалына көшкен. Соның ішінде ең көп тарағаны – қоңырау шалушы өзін «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп таныстыруы. Иә, істің мәнін білетін, не алаяқтың қақпанына түскен тәжірибелі адам болмаса, олардың сөзіне елітіп кетуіңіз әбден мүмкін. Осылайша бір ғана қоңыраудың салдарынан қанша адам қарызға батып жатыр. Бір қызығы, сұмпайылар басқа қалада не өзге мемлекетте отырып-ақ телефон соға береді.
Мұндай адамдармен көп сөйлеспеген дұрыс. Егер сізге «банктен немесе полициядан хабарласып тұрмын» деді ме, телефонның тұтқасын бірден қоя салыңыз. Екінші кезекте мұндай кезде тек қазақ тілінде сөйлеу керек. «Мен сіздің айтқаныңызды түсінбеймін, қазақша айтыңыз» десеңіз, олар тұтқаны қоя салады. Неге десеңіз, сөзіміздің басында айтқандай, алдауға дағдыланған адамдар осы тұрғыда ұзақ дайындалады. Неше түрлі психологиялық әдістер әзірлейді. Міне, сол себепті олардың осы алдын ала дайындықтары орыс тілінде болғандықтан, сіз қазақша сөйлесеңіз, үні өшеді.
Ал олар телефон шалғанда тыңдай бастадыңыз ба, онда өзіңіз арбауға қалай түсіп қалғаныңызды байқамай қаласыз деген сөз. Олар сіз туралы ақпаратты дәл айтып тұрғандай болады, қай банкте қанша ақшаңыз бар екенін, оны қашан алып, қашан салғаныңызды нақты айта бастағанда, амал жоқ, сене бастайсыз. Тіпті оған қоса олар сіздің балаңыздың, бауырыңыздың қайда жұмыс істейтінін, жасын да дәл айтып бере алады. Ал шындығында, оған сол ақпаратты сіз өзіңіз онымен сөйлесуіңіз арқылы айтып тұрсыз. Өйткені олар құйтырқы бір сұрақ қойғанда, жауап берсеңіз болды. Сол арқылы бәрін біліп тұрады. Сондықтан банк, ақша, ұтыс туралы телефон шалған адаммен көп сөйлеспеген абзал. Есіңізде болсын, банк қызметкері немесе полиция сізге еш уақытта мұндай мәселеге бола қоңырау шалмайды.
Заң да, жаза да бар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.
Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық – алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.
Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Түйін «Аспаннан ақша жаумайтынын» ескерсеңіз, жерде батпан құйрық жатпайды. Қазақта «Көпті алдаған, түбінде өкінеді» деген бар. Осыны естен шығармайық!