Алаяқтар туралы фильмдер көрермендер арасында неге танымал?
Интернет әлемінің күн санап дамуы жаңа мүмкіндіктердің есігін көптеп ашуда: жаңа жұмыс орындары пайда болды, кәсіптің өркендеуіне мүмкіндіктер көбейді. Әсіресе пандемия кезінде интернеттің мол мүмкіндігі төрт қабырғаға қамалған адамзат баласының зерікпей, тіпті уақытын пайдалы өткізуге жағдай жасады.
Соңғы жылдары стримингтік платформалар, яғни фильм, видеоға арналған сайттардың танымалдылығы артты. Олар да қоғамның тамырын басып, әрқашан сұранысқа қарай жауап беріп тұрады. Соңғы жылдары әлемде Netflix, Amamzon prime, Ivi сынды платформалардың танымалдылығы артты. Былтыр Netflix-ке жазылушылар саны млн-ға жеткен.
Netflix бұған дейін шығарылған фильмдер ұсынатын медиатека ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай өзі де фильм өнімін жасаушы саналады. Қоғамдағы өзекті тақырыпқа қатысты фильм, хикаяларды дер кезінде ұсынуымен көптің назарына іліккен платформада бүгінде 3 600-ден астам фильм, 1 800-ге жуық телебағдарлама бар. Алайда соңғы кездері көрермендер Netflix тақырыбының тым «толерантты» арнаға бұрылып жатқанын айтатындар аз емес. Мәселен, алғашында палтформада еврейлер, ортодоксалды еврейлердің өмірі, Израиль қарулы күштерінің жұмысына қатысты фильмдер көптеп шығарылды. Одан кейін қоғамдағы азшылықтар тақырыбына қатысты өнім көбейді. Ал енді Netflix өнімінің барлығында міндетті түрде қара нәсілді актер көрініс табатынын айтып жүргендер аз емес.
Біз соңғы кездері әлеуметтік желілерде көптеп талқыланған бірнеше фильм мен оның тақырыбына тоқталмақпыз. Биыл палтформада «Tinder-дегі алаяқ» фильмі мен «Аннаны ойлап табу» хикаясы жарық көрді. Жарияланған күнінен көп ұзамай қаралым саны артып, көп талқыланған өнімдер қатарына енді. Көптің назарына ілігуінің басты себебі – шынайы оқиға негізінде түсірілуі. Екі фильм де замандастарымыз туралы. Яғни алданған мен алдаған тарап жайлы. «Tinder-дегі алаяқ» фильміне алданған тараптың өзі баяндаушы ретінде көрінеді. Бір топ қыз Tinder деп аталатын танысуға арналған әлеуметтік желіде сымбатты азаматпен танысып, алданып, бүгінде миллиондаған қарызды төлеуге мәжбүр екенін айтып береді. Бір қызығы, фильм режиссері Фелисити Моррис туындыға түсуге әлгі «алаяқтың» өзін де шақырған. Алайда Шимон Хают есімді Израиль азаматы ұсыныстан бас тартқан.
«Аннаны ойлап табу» хикаясы орыс қызы Анна Сорокина туралы. Өзін бай неміс отбасының мұрагері Анна Делви деп таныстырған бойжеткен Нью-Йорк буржуасын алдап соққан. Алдаумен қатар бірнеше миллионын қолды еткен.
Одан кейін платформада «Қалыс қалған» америкалық сериалды назарға ұсынды. Бұл да жоғарыда аталған туындылар сарынында. Бұл платформадағы алаяқтар туралы туындылардың жартысы ғана. Алаяқ кәсіпкерден бөлек алаяқ дәрігер туралы да фильмді табуға болады. Алайда бұл тақырыптың көпке қызық болуына не себеп? Алаяқтар жаңа жанр, жаңа кейіпкер емесі анық. Мәселен, бас кейіпке шын мәнінде алаяқ болып шығатын «Ұлы Гэтсби» кинокартинасы кино әлеміндегі бірқатар марапатты жеңіп алды.
Бұл туындылардан сабақ алып не өмірде қайталаймын деушілер аз. Киносыншылар барлық себепті картинаның динамикасы мен оқиға желісінің көрерменді «ұстап отыруында» дейді. Алаяқ мақсатына жету үшін түрлі сценарий құрып, айла-тәсіл қолданады, өзгенің сеніміне кіріп, санасын улайды. Алаяқтар тақырыбын зерттеп, журналистік зерттеуін фильм бағдарламасы ретінде ұсынған журналист Адва Дадон бұл картиналардың тартымды болуына мынадай себеп айтады: «Алаяқтың қылмыс орны – оның шексіз ойы». Расымен, кейіпкердің шексіз ойы мен бітпес айласына тәнті болған көрермен кейде алаяққа іштей риза болып, кейде жапа шеккенге болысып отырады. Мұндай туындының іш пыстырмасы анық.
Десе де бұл тақырыптың біздің қоғамға да жат емесіне күнделікті жаңалықтар дәлел. Күн сайын отандастарымыздың «алданып қалғаны» туралы хабарларды көзіміз шалады. Қаржы пирамидасының құрбандарының қатарына әлеуметтік желіде танысқан адамына несие алып берген, бопсалауға ұшыраған дегендер де қосылды. Одан бөлек өздерін банк қызметкері ретінде таныстырғанға қыруар қаржысын сеніп тапсырғандар да арамызда толып жүр. Сондықтан жоғарыдағы фильмдердің елімізде де танымал болуы таңғалатын құбылыс емес. Негізгі мәселе – фильмнен сабақ алу. Әсіресе, жасөспірімдер де қаперіне алса дейміз. Өйткені әлеуметтік желі бәрімізге ортақ, алайда оны қолдану мақсаты әркімде әртүрлі.