Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырамысымен аталған мәселе бойынша бүгінде қызу жұмыс жүріп жатқан көрінеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың мәліметіне сүйенсек, қылмыстық жолмен түскен кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласында 5,7 мыңнан астам тұтынушымен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылған. Криптовалюта айырбастайтын 1,5 мыңнан аса заңсыз онлайн-сервис анықталып, бұғатталған. 49 заңсыз майнер әшкереленген. Қазір оларға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаржы аударуға қатысты 1,2 мың әрекет анықталып, оларға шектеу қойылған. Бұл туралы zhalagash-zharshysy.kz-не сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпарттық агенттігі хабарлайды.
Соңғы уақытта 41 қаржы пирамидасы жойылып, зардап шеккендерге 4,6 млрд теңге қайтарылған. Алаяқтық белгілері бар 8 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталып, 4,8 мың онлайн-казино сайтының қызметі тоқтатылған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен және қаржы реттеушілермен бірлесіп, 21 жасқа толмаған азаматтардың букмекерлік кеңселерге төлем жасау мүмкіндігін автоматты түрде шектеу тетігі енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек 74 млрд теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындардың жолы кесілген, заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 59 «көлеңкелі» алаң қызметі тоқтатылған, 7 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған, сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында 141 млрд теңге көлемінде келтірілген залал өтелген. Сондай-ақ капиталды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл саласында жалпы құны 276 млрд теңгені құрайтын активтер қайтарылған.
Қаржы пирамидасына нақтырақ тоқталсақ, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін IT құралдарын пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп жатыр. Биыл бұғаттауға 600 мың аудиториясы бар, мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілген.