Бүгінде алаяқтар елімізде біраз азаматтарды алдап, қаржысын жымқырып, көз жасына қалуда. Иә, әлемді қаржылық дағдарыс қыспаққа алғанда арамзалар оңай ақша табуға ниеттенгендерді қақпанына түсіріп, аңқау халықты алдап-арбау арқылы толағай табысқа кенеліп жатыр. Сорақысы, қалта қағудың түрлі тәсілі пайда болды. Жасыратын несі бар, соның бірі «қаржы пирамидалары», қараша халықтың қалтасын әлі қағып жүр екен.
Қаржы пирамидасына нақтырақ тоқталсақ, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін IT құралдарын пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп жатыр. Биыл бұғаттауға 600 мың аудиториясы бар, мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілген.
Тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталған. Олар бойынша WhatsApp, Telegram және Instagram әлеуметтік желілерінде 200 чат тексерілген. Бүгінде олардың 182-сі бұғатталған. Осылайша 126 мың азаматтың қаржылық шығындарына жол берілмеді. 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Иә, ең бірінші кезекте азаматтарға қаржылық сауаттылық жетіспейді. Адам сенгісіз оңай жолмен қаржылық табыс әкелетін ұсыныстардан бірден бас тарту қажет. Десе де жауапкершілікті азаматтардың өзіне артып қана қоймай, мемлекет те тиісті іс-шараларды жүзеге асыруы қажет. Іс жүзінде, заң жүзінде болсын ел бірігіп, бұл алаяқтарға тұсау болуы керек.
Мәселен, қаржылық алаяқтарға қылмыстық кодекстің 217-бабында 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оған алаяқтық туралы 190-баптың 5-10 жылын қосыңыз. Бірақ заң бұл дертке тұсау бола алмай тұр. Сондықтан «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген тәмсілді әрқайсысымызға естен шығармаған абзал.