Түркістан қаласында облыстағы аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдеріне арналған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы өз мәресіне жетті, деп жазады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпараттық агенттігі.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың берешегін реттеу, жұмысқа орналасу және кәсіп бастауға жеңілдетілген несиелер алу секілді өзекті мәселелерді мақсат еткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы және облыстық қоғамдық даму басқармасы, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Үш күнге созылған білім беру жобасының қорытынды сертификат тапсыру рәсімі Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті. Жоба модераторлары білім алушыларға арнайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ, жеке инвесторлармен жұмыс жасау, қаржы нарықтарындағы бәсекелестік, қаржылық тұрақтылықта қолданылатын әдістер туралы толық мәлімет берілді. Одан бөлек, қатысушылар «Бастау бизнес» жобасы бойынша сауалдарына тұшымды жауап алды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, жүзеге асырылған болатын. Оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Amanat» партиясы Halyk Bankпен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан. Ондағы негізгі мақсат проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру.
Осыған орай биылғы жылы елімізде 750 мың адамның қаржылық сауаттылығы арттырылмақ. Атап айтқанда, берешегі бар 200 мың қала, ауыл тұрғыны, 100 мың жоғарғы оқу орнының студенттері, 450 мың мектеп пен колледж оқушылары қаржылық сауат ашу курстарынан өткізілмек. Бұл өскелең ұрпақтың өз қаржысын сауатты әрі жауапты басқаруына мүмкіндік береді.