Әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады.
Өзбекстанда Қылмыстық кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Бұл туралы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады.
Сонымен қоса президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.
Сингапурда қабылданған жаңа заңда, ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді.
Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жеккөрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады.
Ал Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарын не материалдарына жарияламас бұрын, ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.