Соңғы жылдары жағдайды ушықтыратын жалған жаңалықтар тарату көбейді. Жағдайды өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетіндер ел арасында іріткі салуын доғарар емес. Рас, жағдайды пайдаланып, жалған ақпарат тарату үрдісі бұрыннан бар жағдай.
Ақпарат кеңістігіндегі мәліметтердің көптігінен халық рас пен өтіріктің ара жігін ажырата алмай жатады. Осылайша былайғы жұртты жалған ақпаратқа сендіру кейбір мүдделі топтардың өз мақсатын жүзеге асыру үшін қажетті құралға айналды. Ақиқатында, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты шынайы ақпарат тарату журналистерге жүктелген міндет, деп жазады qazdauiri.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz.
Жалған ақпарат таратпастан бұрын ол оны тексеруден өткізеді. Халық кәсіби журналистің таратқан әрбір ақпаратына сенеді. Өйткені оларды жаңалықтың жаршысы деп санайды. Қазіргі таңда журналистерден бөлек, блогерлік те кәсіпке айналған. Екінің бірі блогер болып жатқан уақытта ақпараттың шынайылығына мән беру де аса маңызды.
Ақпараттық технологияның дамуы кең аудитория арасында расталмаған ақпаратты таратуға ғана емес, сонымен қатар оларды жасау үшін де қолайлы ортаға айналып отыр. Егер бұрын жаңалықтар бақылауда болса, қазір әлеуметтік желіде оларға шектеу қойылмайды. Кез келген желіден тікелей эфирге шығып, подкаст жасап немесе жазба қалдырса жетіп жатыр. Ол халық арасында тез тарап, жалған екендігіне ешкім көз жеткізе алмай қалады.
«Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында блогерлерге қатысты өзі пікірін ашық білдірген Президент Қ.Тоқаев: «Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық «соғыс» бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек», – деген-ді.