Жарнамадағы этика. Медиасарапшы, «Қазақстан Медиа Желі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Бақытгүл Бурбаеваның сөзінше, жарнама бастапқыда тек тауар немесе қызмет түрін таныстыруға бағытталса, қазіргі уақытта өнімді сатып алуға үгіттеу құралына айналып кеткен.
«Жарнамадағы өнім сіздің қажеттілігіңізді өтейтіндей көрінеді, оны солай көрсетеді. Негізгі мақсаты – тауарды таныстыру, жарнама – сатып алушылар санын арттыру жолындағы күрес құралы. Қазір жарнамалар дыбыс, сөз немесе музыка арқылы да түпсанаға әсер етеді. Осылай сізді белгілі өнімді сатып алуға үгіттейді», – дейді маман.
Медиасарапшының пайымдауынша, қоғамға белгілі бір түсінікті қалыптастыру үшін бір хабарламаны бірнеше рет қайталап көрсете береді.
«Жарнама тек телеарна немесе радиода ғана емес, басылым беттеріне де орналастырылады. Бірнеше рет қайталап көрсету арқылы адамдарға белгілі бір түсінікті сіңіре береді, ал біз мұны байқамаймыз. Қоғам саяси жарнаманы да тұтынатынын естен шығармау керек. Қазір әлеуметтік желі арқылы да саяси науқандарды немесе саясаттағы белгілі адамдарды жарнамалау үрдісі басталып кеткен», – деп қосты Б.Бурбаева.
Б.Бурбаева жарнамаға белгілі инфлюенсер мен блогерлерді түсіру процесі белең алғанын атап өтті.
«Қазір көпшілігі жарнамаға блогерлерді тарту арқылы брендтің танымалдылығын арттырғысы келеді. Сонымен қатар ғаламтордағы СЕО-дамыту құралдары, сыртқы жарнамалар да көптеп қолданылады. Соңғы екі-үш жылда жарнама мақсатында боттар пайдаланылады. Негізгі жарнама арқылы манипуляция жасаудағы трендтер деп осыларды айтуға болады», – деді ол.
Маманның сөзінше, жарнамадағы манипуляцияға қарсы тұру үшін адамдарда ақпараттық сауатты арттыру қажет.
«Жол жүру ережесі мен әліпбиді қалай жаттаса, ақпараттық сауаттылық негіздерін де солай оқуы қажет. Себебі ХХІ ғасыр адамы фактілер мен пікірлерді, шындық пен манипуляцияны ажырата алуы шарт. Қоғамдық пікірге манипуляция жасау, әрине, дұрыс емес. Ал бренд иелеріне жарнамадағы этикалық нормалар мен жас шектеуі туралы да еске салып отырған жөн», – деп аяқтады Б.Бурбаева.