Бір-екі жылдың мұғдарында халықтың оңды-солды тараған ақпаратқа ілеспей, әр жаңалыққа сын көзбен қарауды үйрене бастағаны аңғарылады. Жалған ақпарат таратып қойған БАҚ өкілдері де ағаттығы үшін аудиториядан кешірім сұрауға дағдылана бастады. Оны Factcheck.kz журналисі, медиа-тренер Ж.Тілеухан айтып берді. Бұл туралы «Aqiqat»-қа сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады.
Ең бірінші көмекші – күмән
«Factcheck әлемде осыдан 100 жыл бұрын пайда болса, 1980-90 жылдары жұмысы күшейіп, 2000 жылдардың басында қайта жанданды. Қоғамның даму үрдісіне қарай жұмысы бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп тұрған Factcheck 2016 жылдары соңғы кульминациясына жетті деуге болады. Сол жылы Америкада президент сайлауы болып, жалған ақпарат легі көбейіп, фактчек тағы да алға шығып, жаңа жанр ретінде қалыптасты.
Біздің міндетіміз жалған ақпарат таратқан БАҚ-тың ағаттығын бетіне басу емес, жалпы ақпараттың анықтығын тексеру. Байқағанымыз, елде үлкен оқиға болған кезде жалған ақпарат көп тарайды. Кез келген БАҚ немесе өзін медиа деп санайтын ұйым жалған ақпарат таратып қойған жағдайда аудиториясынан кешірім сұрауы керек. Бұл Қазақстанда өте сирек кездеседі. Фактчек алғаш ашылған жылдары жалған ақпарат таратқан медиа ол ақпаратты өшіре салып, «сүттен ақ, судан таза» болып отыра беретін. Қазір ілгерілеу бар. Кейбір БАҚ өздері таратқан жалған ақпаратты бірден өшірмей, аудиториядан кешірім сұрап, қайта жаңартып жазып жатады.
Жүрген жерімізде таралған жалған ақпаратты өшіру қате екенін айтып жүреміз. Біз де кейде қате үкім шығарып қоямыз, оқиғаға қатысты ол үкімді өзгеретін жайлар болады. Оның мән-жайын түсіндіріп жазамыз.