Бұқара санасын бұрмалау мақсатында «ақпаратты жылдам беру» тәсілі де қолданылады, бұл тәсіл арқылы оқиға орнынан репортаж беріледі, осылайша, қысым мен истерияның тууына ықпал ететін мазмұны тексерілмеген мәліметтер мен интерпретациялардан тұратын кезектесе келетін ақпаратты жылдам беру жүзеге асырылады.
Бұл тәсілді қолданғанда телекөрермендер мен радиотыңдаушыларда ақпараттардың маңыздылығын ажырату қабілеті әлсірейді, ақпаратты шашыраңқы қалыпқа түсіріп, шынайы мәнін жою орын алатындықтан, адамдарда осы мәселе турасында пікір қалыптаспайды, осының нәтижесінде бұқара көпшілік болып жатқан оқиғаларды дұрыс қабылдап, мәнін түсіне алмайды, бұл адамдардың бәсеңдігіне, инерттік жағдайына алып келеді де, жеке және жалпы әрекеттердің орын алмауын қамтамасыз етеді.
Осылайша, қалыптасқан әлеуметтік-саяси тәртіпті сақтап қалу мақсатында тәулігіне сағаттап теледидар алдынан шықпайтын көрермендердің әлеуметтік, саяси және экономикалық шындыққа деген алаңдаушылықтарын болдырмай, олардың санасын ұйқыға енгізу үшін адамдардың физикалық және саналық белсенділігін төмендететін барлық іс-шаралар жүзеге асырылады, Мифтерді және әртүрлі иллюзияларды жасап, соған сену адамдардың бұқаралық санасының бір қыры болып табылады.
Р.Әбсаттаров, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.