Саяси манипуляция әлеуметтік-саяси ғылымдардың ғылыми әдебиетте жеткілікті деңгейде қарастырыла қоймаған зерттеу мәселесі болып табылады. Әрине, бір мақала шегінде саяси манипуляцияның барлық негіздерін қамту мүмкін емес, сондықтан мен тек оның түсінігі мен анықтамасына тоқталғым келеді. Ең алдымен, азаматтар мен демократиялық мемлекет құрылымына бұқаралық ақпарат құралдарын саяси манипуляция, яғни адамдардың саяси санасы мен жүріс-тұрысына, олардың өз мүддесіне сәйкестігіне қарамастан, әрекет немесе әрекетсіздік жасауы мақсатында жасырын басқару жасау үшін пайдалану үлкен қауіп төндіреді. Оның үстіне манипуляция тек өтірікке негізделеді. Ал бұл өтірік құтқаруға бағытталмаған, керісінше, пайдакүнемдікке қызмет етеді. Адамдардың саяси жүріс-тұрысын өзгертуге бағытталған көптеген әдіс-тәсілдердің ішінен адамдардың жүріс-тұрысын манипуляциялауға бағытталған әдіс-тәсілдерді бөліп қарастыруға болады.
Саяси манипуляция – әртүрлі деңгейлер мен негіздемелер бойынша құрылған, қызметі жағынан саясат пен оның субъектілерінде көрініс табатын, динамикалық және қайшылыққа толы күрделі әлеуметтік-рухани құрылым. Осы тұрғыдан алып қарағанда, кей кездері саяси субъектіде адамдардың жүріс-тұрысына тез әрі тиімді әсер етуді талап ететін шешім қабылдау қажет жағдайлар кездесіп отырады. Бірақ оның ашық түрде күш қолдану мен мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқығы шектелген, оның нормативтік актілер мен заңдарды қабылдауға өкілетті тұлғаларға ықпал жасауға мүмкіндігі жоқ, оның адамдардың сенімдері мен ортақ құндылықтарға деген көзқарастарының өзгеруін тосуға уақыты жоқ болады. Осындай жағдайларда адамдардың жүріс-тұрысын манипуляциялау орын алады.
Саясатта манипуляция ретінде манипулятордың адамды өзі жасауға ықылас білдірмеген әрекетті жасауына итермелеуі сипатындағы әсер ету түрін түсінеді.
Р.Әбсаттаров, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.