Еліміз әлемдік саяси-экономикалық процестерге тереңдеген сайын, оның бұқаралық ақпарат саласында түрлі дүмпулер болып тұрады. Мұны «дамудың кеселі» деп бағалауға болады. Бірақ сонымен бірге – біздер контент қалыптастырудағы методикалық түрдегі жұмыстарды көреміз. Ал ол жұмыстарды БАҚ-тың тиімділігінің сандық және сапалық көрсеткіштерінің нақты мәнін білмей жүргізу мүмкін емес. Қоғамды дүрліктірген оқиға бойынша қоғамға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиражы көп газетке бір көлемді мақала жеткілікті ме, әлде бірнеше күн бойы телевизиядан арнайы шығарылым жасау керек пе? Оның форматы, көлемі қандай болуы керек? Пайда болған форматтық тренд қысқамерзімді ме, әлде ұзақмерзімді тренд пе?
Сипатталған оқиғалар, айтылған тұжырымдар мен келтірілген дәйектер ақпарат айдынында интернеттің — жетекші, ал телевизия мен басқа да дәстүрлі БАҚ — еруші болғанын айқын көрсетеді. Жалған ақпараттың медиациясы телевизияда басталғанда, ол интернетте аяқталып та үлгерді. Себебі коммерциялық банктер мен басқа да мүдделі ұйымдар алдымен мұны тез арада бірінші интернет кеңістігінде сейілтуге мәжбүр болды. Ол заңды да: себебі телевизиялық сюжет дайындау жанр заңдарына бағынуды талап етеді. Дәл сол уақытта интернеттегі белсенділер, банк саласына жақын инсайдерлер жалған ақпарат туралы тек ауызекі формада жаза салды.
Дегенмен, телевизия саласының Қазақстан үшін ұтымды тұстары да бар. Оның ең бастысы — ADSL-интернет таралып үлгермеген ауылдарды қамту қабілеті. Тағы бір ұтымды тұсы — ел арасындағы дәстүрлі БАҚ-қа деген сенім. Ертеректегі «тасқа басылған сөзге ғана сену» сияқты, телевизия да қазір ресмилік реңктегі БАҚ болып отыр. Дәстүрлі отбасында әлеуметтік, саяси, тұрмыстық көзқарастың драйверлері ересектер екенін ескерсек, телевизияның рөлін жоққа шығаруға болмайды. Алайда комьютерлік машық сауаты ересектер мен егделер арасында да күрт өсіп келеді. 2011 жылғы мәлімет бойынша олардың 25%-ы комьютер сауатты боп есептеледі. Оның үстіне орташа жас мөлшері — 25 жас екенін басшылыққа алсақ, телевизия саласынан интернетке ойысу тренді анық байқалады.