Сөз – қорғасыннан да ауыр. Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп, ақпараттың таралу ауқымын мақал қылып айтып кеткендей. Қазіргі дамыған технология заманында айтылған ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын тұтас шартарапты шарлап, әлемді әбігерге салады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыратыны рас. Оның ішінде расы да бар жалғаны да бар. Алайда соны таратушылар артында қандай жауапкершілік тұрғанын әсте білмесе керек. Мамандар қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай,-дейді. Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, мессенжер арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан технология ғарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал абыройлы әрекет,-дейді ел ағалары.
Мемлекеттік органдардың ресми ақпаратымен азаматтар ешқандай шектеусіз бөлісе алады.
Мемлекетке, қоғамға және азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтіруі мүмкін көрінеу жалған, экстремистік және басқа да құқыққа қарсы ақпаратты таратуға тыйым салынады.
Әрбір осындай факті бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабында бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауаптылық көзделген.
Осы орайда, прокуратура өкілдері азаматтарды заңсыз әрекеттерден, оның ішінде жанжалдарға және қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеп соғуы мүмкін жалған ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырады.